×
461.26
542.58
6.18
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
461.26
542.58
6.18

Семейде соғысқа қарсы пикеттен кейін белсенді әкімдікпен соттасып жатыр

Бүгін, 11:58
Семейде соғысқа қарсы пикеттен кейін белсенді әкімдікпен соттасып жатыр
Фото: ашық дереккөзден

Семейде Украинадағы соғысқа қарсы жалғыз пикет өткізбек болған белсенді Ербол Аққожаның әкімдік пен полиция үстінен түсірген шағымы бойынша сот басталды.

Белсенді әкімдік пен полиция әрекеттерін заңсыз деп тануды, сондай-ақ акцияны өткізуге рұқсат беруден бас тарту шешімін даулауда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

8 мамыр күні Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында алдын ала тыңдау өтті. Аққожаның айтуынша, ол 24 ақпанда Ресейдің Украинаға басып кіргеніне үш жыл толған күні жалғыз пикет өткізетіні туралы әкімдікке алдын ала хабарлама берген. Алайда белгіленген мерзімде ресми  жауап келмегендіктен, ол акция келісілген деп есептеген.

Белсендінің сөзінше, пикет алдында әкімдік өкілдері оны акциядан бас тартуға үгіттеген. Ал шара өтетін күні алаңда полиция қызметкерлері мен ішкі саясат бөлімінің өкілдері жүрген.

Аққожа пикет басталмай жатып ұсталғанын, плакатын тартып алып, өзін полиция бөліміне жеткізгенін айтты. Онда ол шамамен үш сағат болған.

Ішкі саясат бөлімінің өкілі сотта белсендінің өтініші тым ерте акцияға екі жарым ай қалғанда берілгендіктен, шешім қабылданбағанын мәлімдеді. Әкімдік белсендінің ниетін пикет күніне жақын уақытта қайта растауды сұрағанын айтқан.

Ал полиция өкілдері алаңға «102» нөміріне түскен анонимді хабарламадан кейін барғанын жеткізді. Олардың сөзінше, Аққожа бөлімге «түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін» жеткізілген. Оған қатысты әкімшілік іс қозғалмаған.

Сот мемлекеттік органдарға қажетті құжаттарды ұсынуды міндеттеп, белсендінің қозғалу еркіндігі шектелгеніне назар аударды. Себебі оған қатысты ешқандай әкімшілік іс ресімделмеген.

Еске салу

24 ақпан күні Ербол Аққожа Семейдегі Мұхтар Әуезов алаңына Украинадағы соғысқа қарсы плакатпен шыққан. Алайда плакатын ашып үлгерместен полиция оны ұстап алып кеткен. Бұған дейін де, 2022 жылы, белсенді «No war» деген жазуы бар плакатпен пикетке шыққан еді. Сол кезде ол Украина халқын қолдап, соғысқа қарсы екенін айтқан.

Серіктес жаңалықтары