Астанада туристік маусым басталысымен Есілдегі теплоход серуендерінің бағасы қызу талқыға түсті. Биыл ересектер билеті 5000, балалардікі 3000 теңгеге жеткен. Әлеуметтік желі қолданушылары мұндай баға қарапайым отбасылар үшін қолжетімсіз болып бара жатқанын айтып, Есілдегі серуеннің «элиталық демалысқа» айналғанын жазуда. Осыған орай, Ulysmedia.kz елорда әкімдігіне ресми сауал жолдап, теплоход бағасының қандай факторларға байланысты белгіленетінін сұрады.
ҚЫМБАТ АТТРАКЦИОН БА?
Астанадағы теплоход серуені бұрыннан туристер үшін міндетті маршрут саналады. Қалаға келген қонақтар алдымен Бәйтерекке, кейін жағалауға барып, Есілмен қыдыруды таңдайды. Өзен үстінен қаланың заманауи келбеті ерекше көрінеді. Әсіресе кешкі уақытта бұл қызмет сұранысқа ие.
Бірақ биыл әлеуметтік желілерде тұрғындардың реніші күшейді. Көпшілік бұл қызметтің бағасы халық табысына сай емес деп есептейді. Себебі теплоход қоғамдық көлік емес, бірақ толықтай люкс демалыс та емес. Ол – қаладағы ортақ туристік инфрақұрылымның бір бөлігі.
Төрт адамнан тұратын қарапайым отбасы Есілмен бір рет қыдыру үшін кемі 16 мың теңге жұмсауы керек. Ал егер жолай балмұздақ, сусын немесе такси қосылса, бір кештің шығыны 20 мың теңгеден асып кетеді. Көпшілік дәл осыны мәселе етіп көтеріп отыр. Әлеуметтік желіде «Есілдегі серуен элиталық демалысқа айналып бара ма?» деген сұрақ жиі қойыла бастады.
Салыстыру да көп. Пайдаланушылар Стамбұлдағы Босфор серуендерін мысалға келтіреді.
– Стамбұлда кей бағыттарда 90 минуттық круиз 3000 теңгеге жуық тұрады. Астанада болса 50-55 минуттық серуен 5000 теңгеден басталады,– деп жазды Сая есімді қолданушы.
Ресми органдар мұндай салыстыруды дұрыс емес дейді. Себебі кей елдерде су көлігі субсидияланады әрі қоғамдық транспорт жүйесіне кіреді. Ал Астанадағы рейстер туристік ойын-сауық қызметі ретінде қарастырылады.

ӘКІМДІК БАҒАНЫ РЕТТЕЙ МЕ?
Ресми жауапқа сәйкес, Есілдегі теплоход қызметі коммерциялық негізде жұмыс істейді. Яғни билет құнын компанияның өзі белгілейді. Мемлекет тек қауіпсіздік, санитарлық және техникалық талаптардың сақталуын бақылайды. Бұл салада тарифтік реттеу де, субсидия да қарастырылмаған.
Қызметті «Судоходная компания «ЕсілАстана» ЖШС жүзеге асырады. Компания 2022 жылғы сенімгерлік басқару шарты негізінде жұмыс істейді.
Демек, бағаның өсуіне әкімдік тікелей араласа алмайды. Бірақ қоғамда басқа сұрақ туындайды: егер бұл – елорданың туристік бренді болса, онда мемлекет оның қолжетімділігіне де мүдделі болуы керек емес пе?
– Қазіргі уақытта бағаға мемлекеттік реттеу көзделмеген. Сонымен қатар, Сенімгерлік басқарушы қызмет сапасын арттыру бағытында жұмысын жалғастырып, халық үшін қызметтердің қолжетімділігін арттыру бойынша түрлі шараларды қарастыруда,– деп жауап берді қала әкімдігі.
БАҒА ҚАЛАЙ ҚОЙЫЛАДЫ?
Оператор бағаның өсуін бірнеше фактормен түсіндіреді. Негізгі себеп – шығындардың қымбаттауы. Қазір Есілде барлығы 9 теплоход жүріп тұр.
Соңғы үш жылда дизель отынының бағасы 30-40%-ға өскен, қосалқы бөлшектер мен логистика шамамен 40%-ға қымбаттаған. Ал техникалық қызмет көрсету шығындары артқан.
– Білікті персоналдың еңбекақысы, оның ішінде кеме жүргізушілері, экипаж мүшелері, техникалық мамандардың жалақысы, сондай-ақ міндетті әлеуметтік аударымдар, салықтар, оқыту, біліктілікті арттыру және міндетті медициналық тексерулер шығындары. Жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде кемелерді құтқару құралдарымен жабдықтау да бағаға әсер етеді,– дейді ресми орган.
Компания тағы бір маңызды жайтты алға тартады. Навигация маусымы небәрі төрт ай – мамырдан тамызға дейін ғана жалғасады. Қалған уақытта теплоходтар табыс әкелмейді, бірақ күтімді қажет етеді.
Сол себепті биыл ересектер билеті шамамен 20%-ға қымбаттаған. Балалар билеті бұрынғы деңгейде – 3000 теңге болып қалған, ал 3 жасқа дейінгі балалар тегін кіре алады.
– Сонымен қатар, Астана қаласында, елорда ретінде, қызмет сапасына, қауіпсіздікке, қызмет көрсету деңгейіне және флоттың техникалық жағдайына жоғары талаптар қойылады, бұл тарифтің қалыптасуына әсер етеді. Сондай-ақ қызмет құнын объективті түсіну үшін оның ұзақтығын ескеру қажет. Мысалы, қалалық саябақтардағы көптеген аттракциондар 10 минутқа шамамен 4000-5000 теңге тұрады, ал Есіл өзенімен теплоходтағы серуеннің ұзақтығы орта есеппен 50-55 минутты құрайды, бұл мүлдем басқа демалыс форматын ұсынады. Компания отбасылық демалысты қолжетімді ету мақсатында балаларға арналған жеңілдік шарттарын сақтап отыр,– делінген ресми жауапта.
Алайда тұрғындардың бір бөлігі бұл аргументпен келіспейді. Өйткені Есіл – жеке меншік курорт емес, қаланың ортасындағы қоғамдық кеңістік.
Қоғам наразылығының түпкі себебі басқа болуы мүмкін. Адамдар бағаның өзінен бұрын «қолжетімді демалыстың» азайып бара жатқанын сезеді.
Соңғы жылдары Астанада дәмханалар, ойын-сауық орталықтары, аттракциондар, балаларға арналған қызметтер қымбаттады.
Енді оған теплоход серуені де қосылды. Нәтижесінде қарапайым отбасы үшін қала ішінде сапалы демалыс ұйымдастыру қиынға айналып барады.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕҢІЛДІК КЕРЕК
Мысалы, әлемнің бірқатар қаласында өзен серуендері жергілікті тұрғындарға арнайы жеңілдікпен ұсынылады. Кей круиз компаниялары резиденттерге 20-25% дейін арзандатылған тариф береді. Немесе кешкі жеңілдіктер, отбасылық пакеттер, тұрғындарға арнайы тарифтер, маусымаралық акциялар болады. Астанада әзірге мұндай жүйе байқалмайды.
Мысалы, Стамбул қаласында Босфор серуендерінің кей бағыттары қоғамдық көлік жүйесімен байланыстырылған. Ал Амстердам мен Будапешт қалаларында тұрғындарға маусымдық жеңілдіктер мен отбасылық пакеттер ұсынылады. Парижде Сена өзені бойындағы кей турлар кешкі уақытта арзанырақ сатылады. Дубайда тұрғындарға арналған арнайы акциялар мен жеңілдік күндері ұйымдастырылады.
Егер қала өзін халықаралық туристік орталық ретінде көрсеткісі келсе, онда туристік қызметтер тек шетелдік қонақтарға емес, өз тұрғындарына да қолжетімді болуы маңызды. Себебі қаланың атмосферасын қалыптастыратын – жергілікті халықтың өзі.