×
470.17
547.47
6.42
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
470.17
547.47
6.42

Қатерлі ісікке шалдыққан науқастың жамбас сүйегі отандық 3D-имплантпен алмастырылды

Бүгін, 12:53
Қатерлі ісікке шалдыққан науқастың жамбас сүйегі отандық 3D-имплантпен алмастырылды
ҚазОРҒЗИ

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты дәрігерлері жамбас сүйегіндегі сирек кездесетін қатерлі ісігі бар науқасқа күрделі ота жасады, деп хабарлайды ulysmedia.kz Exclusive.kz-ке сілтеме жасап.

Мамандар ісікті алып тастап қана қоймай, науқастың өздігінен жүру мүмкіндігін сақтап қалды. Алынған жамбас сүйегінің орнына Қазақстанда жасалып, әзірленген медициналық титаннан дайындалған жеке 3D-имплант орнатылды.

Мұндай операциялар онкохирургиядағы ең күрделі оталардың қатарына жатады. Себебі жамбас сүйегі ірі қан тамырлары мен жүйкелерге өте жақын орналасқан. Ісікті алып тастағаннан кейін дәрігерлер зақымданған тіндерді ғана емес, аяққа тірек болатын құрылымды да қайта қалпына келтіруге мәжбүр болады. Әйтпесе науқас қалыпты жүру қабілетінен айырылуы мүмкін.

Науқасқа арналған имплантты Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті мамандары жасаған. Ол компьютерлік томография деректері негізінде, нақты адамның анатомиялық ерекшелігіне сай әзірленді. Ота алдында мамандар зақымданған аймақты цифрлық модельдеу арқылы операция көлемін алдын ала есептеп, жамбас сүйегін мүмкіндігінше дәл қалпына келтіруді жоспарлаған.

ҚазОжРҒЗИ мәліметінше, жекелендірілген имплант қолдану мүгедектікке әкелуі мүмкін операциядан сақтап қалған. Науқастың аяқ-қолының тірек қызметі, қозғалу белсенділігі және кейінгі оңалту мүмкіндігі сақталған.

«Отадан кейінгі кезең асқынусыз өтіп жатыр, науқас қазір оңалтудан өтуде», – деді ҚазОжРҒЗИ жанындағы А.К. Косаев атындағы сүйек, жұмсақ тіндер және тері ісіктері орталығының жетекшісі Ғани Серікбаев.

Науқастың айтуынша, ол ең алдымен өздігінен жүру қабілетін жоғалтып аламын ба деп қорыққан. Алайда операциядан кейін бұл қауіптің алдын алу мүмкін болған.

Институт мамандары мұндай операциялар онкохирургтер, сәулелік диагностика мамандары, инженерлер және медициналық инженерия сарапшыларының бірлескен еңбегін талап ететінін атап өтті. Бұрын мұндай жеке импланттар көбіне шетелден тапсырыспен алдырылатын, бұл қосымша уақыт пен шығынды қажет ететін.

Енді осындай технологиялар Қазақстанның өз ішінде қолданыла бастады. Мамандардың айтуынша, бұл отандық онкология үшін тек сәтті операция ғана емес, сонымен қатар шетелдік импланттарды күтпей-ақ күрделі ағза сақтайтын оталарды жиі жасауға жол ашатын маңызды қадам.

Серіктес жаңалықтары