OpenAI жасанды интеллектке қатысты даулы сот ісінде Илон Маскты жеңіп шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖИ БОЛАШАҒЫНА ЫҚПАЛ ЕТЕТІН СОТ
Reuters-тің жазуынша, АҚШ-тың Окленд қаласындағы алқабилер соты миллиардердің шағымын қанағаттандырмай, компания заң бұзбаған деген шешім шығарды. Маск OpenAI бастапқы миссиясынан – «адамзат игілігі үшін жұмыс істейтін» жасанды интеллект жасау идеясынан ауытқыды деп айыптаған еді.
Сот сондай-ақ Масктың талап арызды тым кеш бергенін атап өтті. Алқабилерге шешім шығару үшін екі сағатқа да жетпейтін уақыт кеткен.
Бұл процесс жасанды интеллект индустриясының болашағына ықпал ететін ең маңызды соттардың бірі ретінде бағаланған. Іс нәтижесі OpenAI компаниясының келешегіне де тікелей әсер етті.
Сот шешімінен кейін компанияның қор нарығына шығу мүмкіндігі арта түсті. БАҚ мәліметінше, IPO-ға шыққан жағдайда OpenAI құны 1 триллион долларға дейін жетуі мүмкін.
“ТЫМ КЕШ”
Масктың адвокаттары кәсіпкердің апелляция беруі мүмкін екенін мәлімдеді.
Илон Маск өз арызында OpenAI басшылары Сэм Альтман мен Грег Брокман бастапқыда оны коммерциялық емес жобаға 38 миллион доллар инвестиция салуға көндіріп, кейін компанияны табыс табатын бизнеске айналдырды деп көрсеткен. Сондай-ақ OpenAI Microsoft пен өзге де ірі инвесторлармен серіктестік орнатқан.
Маск мұны «қайырымдылық ұйымын жекеменшік пайда көзіне айналдыру» деп сипаттаған.
Ал OpenAI өкілдері Маск компания жоспары туралы бұрыннан хабардар болғанын және сотқа тым кеш жүгінгенін айтты. Сонымен қатар олар миллиардерді бәсекелесіне әдейі кедергі келтіруге тырысты деп айыптады.
Айта кетейік, OpenAI компаниясы 2015 жылы Сэм Альтман, Илон Маск және өзге кәсіпкерлердің қатысуымен құрылған. Маск 2018 жылы директорлар кеңесінен кетіп, кейін өзінің xAI атты жасанды интеллект компаниясын ашқан.