×
$
453.93
€
508.72
₽
5.35
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.93
€
508.72
₽
5.35

Астанада 20 жүк көлігін заңсыз кіргізген үш адам сотталды

Бүгін, 12:05
Астанада 20 жүк көлігін заңсыз кіргізген үш адам сотталды
istock

Астанада Қытайдан 20 жүк көлігін заңсыз әкеліп, оларды экологиялық талаптарға сай техника ретінде өткізген үш адам сотталды. Тергеу барысында жүк көліктерінің шын мәнінде «Еуро-2» класына жататыны, алайда кедендік рәсімдеу кезінде «Еуро-5» стандартына сәйкес деп көрсетілгені анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Бас көлік прокуратурасына сілтеме жасап.

Жүк көліктері Қазақстанға қалай кіргізілген?

Прокуратура мәліметінше, 2023 жылдың ақпан-мамыр айлары аралығында «Нұр Жолы» және «Бақты» кеден бекеттері арқылы Қазақстанға 20 FAW жүк көлігі заңсыз кіргізілген. Олардың кедендік құны 285 миллион теңге болған.

Кедендік рәсімдеу кезінде жалған мәліметтер көрсетілген құжаттар пайдаланылып, техника экологиялық талаптарға сай көлік ретінде ұсынылған.

285 миллион теңгелік техника 605 миллион теңгеге сатылған

Кейін жүк көліктері коммерциялық құрылымдар арқылы өткізіліп, мемлекеттік сатып алу аясында «ҚАЖсервис» ЖШС-не жалпы сомасы 605 миллион теңгеге жеткізілген.

Осылайша, кедендік құны 285 миллион теңге болған 20 жүк көлігі мемлекеттік сатып алу арқылы әлдеқайда жоғары сомаға сатылған.

Үш адам сотталды

Сот үш адамды алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен аса ірі мөлшерде экономикалық контрабанда жасағаны үшін кінәлі деп таныды.

Бұдан бөлек, сотталғандардан мемлекет кірісіне контрабанда затының құны — 285 миллион теңге ортақтасып өндірілді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.