Бағдат Мусин кеңседе отыратын қызметкерлердің дәуірі өтті деп есептейді. Бұл туралы ол Астанада өткен форумдардың бірінде айтты, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
- Мен бағдарлама кодттаймын. 20 жыл бұрын қандай да бір қосымша жасау үшін 10-20 адамнан тұратын команда және жарты жыл уақыт керек екенін білетінмін. Тіпті 10 жыл бұрын да солай еді. Ал қазір кеше ғана балаларға көрсеттім: отбасы мүшелері файл, пікір, эмоция алмаса алатын арнайы қосымшаны 2 сағатта жасап шықтым. Бұрын 20 адам мен жарты жыл керек болса, қазір — 2 сағат.
Мен вайбкодингті насихаттаймын. Қазір вайбкодингті үйренбесек, ертең біз қажет болмай қаламыз деп айтамын. Кеңседе отыратын қызметкерлердің дәуірі өтті. Қолмен жұмыс істейтіндердің заманы келді. Электрик, сантехник, құрылысшы сияқты мамандардың дәуірі болады. Кеңседе істейтіндерге қиын болады, - дейді ол.
Сөзінше, вайбкодинг сені қасыңдағы кеңсе қызметкерінен ерекшелендіретін жалғыз нәрсе болуы мүмкін. Қолыңда ChatGPT немесе Claude болса, кез келген адаммен тең дәрежеде жұмыс істей аласың. Тіпті өзіңнің агентіңді жасап, оған күнделікті жұмыстарды тапсыра аласың.
Мусин балаларын болашаққа қазірден дайындап жатқанын айтады. Олар әкесінен: «Онда университетке не үшін бару керек?» деп сұрайтын көрінеді. Ол қазіргі жағдайда университет міндетті ме, жоқ па нақты айта алмайтынын мойындайды.
- Үздіксіз оқу деген — 4 жыл партада отырып, кейін өмір бойы оқу емес. Мектеп бітірген соң бірден жұмыс бастап, қажет кезде ғана білім алуға болады. Архитектор болғың келсе — YouTube-тен негіздерін үйрен. Балаларды ең алдымен ойлауға және қолмен жұмыс істеуге үйрету керек,- дейді ол.