×
$
454.98
€
509.53
₽
5.37
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
454.98
€
509.53
₽
5.37

Оман Қазақстанға теңізге шығатын жаңа сауда жолын ұсынды

Бүгін, 13:41
Оман Қазақстанға теңізге шығатын жаңа сауда жолын ұсынды
Ақорда

Астанада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саидтің келіссөздері өтіп жатыр. Кездесуде екі елдің географиялық орналасуын пайдаланып, жаңа сауда бағыттарын дамыту мәселесі талқыланды. Сонымен қатар Астана мен Маскат бірлескен инвестициялық жобаларды қарастырып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстанға теңізге шығатын жаңа бағыт ұсынылды

Оман сұлтаны екі елдің географиялық мүмкіндіктерін экономикалық тұрғыдан әлдеқайда тиімді пайдалануға болатынын айтты. Қазақстан Азия мен Еуропаны байланыстыратын бағыттардың бойында орналасқанымен, теңізге тікелей шыға алмайды. Ал Оман Парсы шығанағы елдерінің, Үнді мұхиты, Азия және Африка нарықтарына теңіз арқылы шығуға мүмкіндік береді.

Хайсам бен Тарик осы байланысты дамытуды ұсынды. Бұл Оман порттарын пайдалана отырып, жаңа сауда дәліздерін құруды қамтуы мүмкін. Сонымен қатар Маскат екі ел арасында тікелей әуе қатынасын дамытуды ұсынып отыр.

– Осы өзара толықтыратын артықшылықтарды пайдалану екі елдің экономикалық өсіміне айтарлықтай мүмкіндік беріп, қосымша пайда әкеледі. Сондықтан көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты, соның ішінде порттарымыз арқылы сауда дәліздерін құруды, сондай-ақ екі ел арасындағы әуе қатынасын нығайтуды одан әрі дамытуға мүдделіміз, – деді сұлтан.

Жоспар тек транзитпен шектелмейді. Оман Қазақстаннан жаңа инвестициялық мүмкіндіктер көріп отыр. Энергетика, пайдалы қазбаларды өндіру, азық-түлік қауіпсіздігі және жаңа технологиялар салаларына қызығушылық бар. Сондай-ақ Маскат мемлекеттік инвестициялық құрылымдар мен екі елдің жеке бизнесін байланыстыруды көздейді.

Екі ел бірлесіп инвестиция салмақ

Қазақстан мен Оман қазір бірлескен инвестициялық қор құру бойынша жұмыс істеп жатыр. Жобаға «Самұрық-Қазына» және Оманның Инвестициялар басқармасы (OIA) қатысады.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қорды Қазақстан үміт артып отырған жобалардың бірі ретінде атады. Сонымен қатар қонақүйлер мен курорттарды дамыту жоспарланып отыр.

Келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар уағдаластық құжаттармен бекітіледі. Тоқаевтың айтуынша, келіссөздер нәтижесінде ауқымды келісімдер пакеті жасалып, жаңа бірлескен мәлімдемеде екі елдің алдағы ынтымақтастық бағыттары айқындалады.

– Бірқатар жобаны табысты жүзеге асырып жатқанымызды қанағаттанушылықпен атап өтемін. Олардың барлығы менің жіті бақылауымда. Біз келесі жобаларға үлкен үміт артамыз: Оманның Инвестициялар басқармасымен бірлескен инвестициялық қор құру, қонақүйлер мен курорттарды дамыту, – деді Қазақстан президенті.

Кездесуде Оманның өзінде болып жатқан өзгерістерге байланысты тағы бір мәселе көтерілді. Ел өзінің қаржы орталығын дамытып жатыр. Маскат бұл бағытта Қазақстанның тәжірибесін пайдалануға мүдделі.

Сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллект саласында да ынтымақтастық орнату ұсынылды. Сұлтан екі елдің технологиялық компаниялары мен инновациялық орталықтары арасында тікелей байланыс орнатуды ұсынды.

Келіссөздер Хайсам бен Тарик Әл Саидтің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында өтіп жатыр. Мемлекет басшыларының кездесуінен кейін бүгін Астанада қазақ-оман бизнес-форумы да өтеді.

Тағы оқыңыз: «Араб Швейцариясымен» әріптестік: мұнайдан басталған байланыс Қазақстанға не береді?