Атырауда әлеуметтік желідегі даулы жарияланымдардан кейін полиция қызметкері тәртіптік жазаға тартылды. Ол адамдарды «қаншықтар мен шибөрілер» деп атап, тінту мен тергеу әрекеттерінен кадрлар жариялаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫННЫҢ ШАҒЫМЫ
Полиция қызметкерінің жазбаларына атыраулық Лунара Мақсұтова назар аударған. Оның айтуынша, криминалдық полиция қызметкерлері Instagram парақшаларында тінту кезінде түсірілген фото және видеоларды жариялап отырған. Осылайша, қызметтік жұмыс әлеуметтік желіге арналған контентке айналған.
– Стористе құқық қорғау органының қызметкері: «Бұл қаншықтар мен шибөрілер мені танымай жатып жек көреді, іс-әрекетімді аңдып, басшылыққа жамандағанды жақсы көреді» деп жазған. Мұндай сөздер полиция қызметкері үшін мүлде жол беруге болмайтын әрекет. Бұл қызметтік әдеп нормаларын бұзып, Қазақстанның ішкі істер органдарының беделіне нұқсан келтіреді, – деп жазды Лунара Мақсұтова Facebook парақшасында.

Ол ІІМ-нен тиісті шара қабылдауды талап етті.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Атырау облыстық полиция департаменті шағымнан кейін қызметтік тексеріс жүргізілгенін хабарлады. Оның қорытындысы бойынша қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар, ұжым ішінде қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды.