Астана әкімдігі Құрбан айт мерекесіне байланысты елордада арнайы құрбан шалу орындарын анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаевнің айтуынша, биыл Құрбан айт 27–29 мамыр аралығында өтеді. 27 мамыр күні таңғы сағат 06:00-де мешіттерде айт намазы оқылып, одан кейін құрбан шалу рәсімі басталады.
Құрбан шалу күн сайын сағат 07:00-ден 18:00-ге дейін жүргізіледі.
Ресми бекітілген орындар:
– Байқоңыр ауданында: «Шанхай», «Баракат», «Жайлау» базарлары және «Шаушен» шаруа қожалығы;
– Алматы ауданында: Теміржолшылар тұрғын алабындағы «Ет-Хан» ет цехы.
Қала әкімдігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және мемлекеттік органдармен бірге мереке кезінде санитарлық талаптар мен қауіпсіздік шараларын бақылауға дайындалып жатқанын мәлімдеді.