×
471.93
548.43
6.61
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
471.93
548.43
6.61

Өскемендегі жарылыс әлемдік нарықта мырыш бағасын күрт шарықтатты

Бүгін, 17:16
Өскемендегі жарылыс әлемдік нарықта мырыш бағасын күрт шарықтатты
фото: ЖИ/Ulysmedia.kz

Шығыс Қазақстандағы «Қазцинк» металлургиялық кәсіпорнындағы жарылыс мырыштың әлемдік нарықтағы бағасын соңғы төрт жылдағы ең жоғары деңгейге дейін шарықтатты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Нарыққа соққы

Reuters агенттігінің жазуынша, Шығыс Қазақстандағы «Қазцинк» металлургиялық кәсіпорнындағы төтенше жағдай жаһандық нарықта күтпеген өзгеріс тудырды. Glencore-ге тиесілі зауытта жарылыстан соң Лондон металл биржасында (LME) мырыш бағасы күрт көтерілді: үш айлық мырыш фьючерстері тоннасына 3 633 доллар деңгейінен асты. Жыл басынан бері металл бағасы шамамен 13%-ға қымбаттаған.

Бұған дейін сарапшылар нарықта ұсыныс артып, баға ұзақ уақыт төмендейді деп болжаған. Алайда әлемдегі жетекші мыш өндіретін зауыттардағы жарылыстар жағдайды түбегейлі өзгертті.  Әуелі Өскемендегі зауытта жарылыс болып, кәсіпорын жұмысын шектеулі режимге көшірсе, көп ұзамай Перудегі мырыш зауытында да алапат өрт болды.

Жалпы алғанда, Қазақстан мен Перудегі зауыттардың өндірістік қуаты жылына шамамен 600 мың тонна мырышты құрайды. Агенттік бір мезетте осындай екі ірі нысандағы іркіліс жаһандық жеткізілімге айтарлықтай соққы болғаны жайлы жазған.

Мамандар нарыққа әсер еткен қосымша фактор ретінде Қытайдағы өндірісті атайды. Пекин мырыш өндірісін қарқынды арттырып, импортқа тәуелділікті азайтып жатыр. Соның нәтижесінде әлемнің қалған бөлігіне жеткізілімдегі тұрақсыздықтар бірден әсер етеді.

“Қазцинк” зауытындағы жарылыс

Еске салайық, 5 мамырда Өскемен қаласындағы «Қазцинк» қорғасын зауыты аумағында жарылыс болып, артынша өрт шыққан. Соның салдарынан цех конструкцияларының бір бөлігі құлаған. Оқиғадан жеті адам зардап шегіп, екі жұмысшы қаза тапты.

Бұған дейін Экология вице-министрі Жомарт Әлиев кәсіпорындағы апаттан кейінгі жағдай туралы мәлімдеген еді. Лабораториялық-экологиялық бақылау мамандары ауа сапасын тексеріп, Қазгидромет зауыттың санитарлық-қорғау аймағынан тыс жерлерге бақылау бекеттерін орнатқан. Тексеру нәтижесінде ауадағы зиянды заттардың мөлшері шекті нормадан аспағаны анықталған.

Ал Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов «Қазцинк» кәсіпорнындағы апатқа қатысты тергеу барысы туралы мәлімет берді. Оның сөзінше, апатқа қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 156-бабы 4-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Бұл бап еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан ауыр зардаптарға әкелу дерегіне қатысты. Аталған бап бойынша ең жоғарғы жаза – 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Іс бойынша 10-нан астам сот сараптамасы тағайындалған.

Серіктес жаңалықтары