×
471.93
548.43
6.61
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
471.93
548.43
6.61

Несие алу қиындайды: банк жаңа шартқа сай келетіндерге ғана қарыз береді

Бүгін, 18:29
Несие алу қиындайды: банк жаңа шартқа сай келетіндерге ғана қарыз береді
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициентінің (КБК) шекті мәнін белгіленбек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жаңа талап

Ұлттық банк мәліметінше, тиісті өзгертулер банктің «Макропруденциялық нормативтер мен лимиттерді, олардың нормативтік мәндерін және есептеу әдістемесін белгілеу туралы» қаулысы аясында әзірленген.

“КБК реттеушілік практикаға 2024 жылғы тамызда енгізіліп, қазірге дейін мониторингтік кезеңде қолданылып келеді. Көрсеткіш қарыз алушының өтелмеген барлық қарызы мен микрокредиті, оның ішінде жоспарланып отырған жаңа қарыз бойынша жиынтық берешегінің оның жылдық кірісіне қатынасын білдіреді. Аталған құрал қарыз алушының өз міндеттемелеріне уақытылы қызмет көрсету қабілетін бағалауға мүмкіндік береді”, – делінген банк хабарламасында.

КБК деген не?

Кіріске қатысты борыш коэффициенті – қарыз алушының берешек мөлшерін оның жылдық кірісінің көлемі арқылы көрсететін шама. КБК-ның жоғары мәні азаматта қарыздың көбейгенін және оның төлем қабілетіне қатысты қауіп артқанын білдіреді. 

Ұлттық Банк келер жылдан бастап қарыз алушының жалпы берешегі бойынша КБК-ның шекті деңгейін жылдық 8 табыс көлемінде белгілеуді жоспарлап отыр. Бұл не деген сөз?

Мәселен, егер сіздің жалақыңыз 250 мың теңге болса, оны әуелі 12 айға көбейтесіз. Шыққан соманы 8 есе арттырасыз. Демек, сіздің мойныңыздағы қарыздың жалпы сомасы 24 млн теңгеден аспауы тиіс деген сөз. Ипотекаңыз бен өзге қарыздарыңыздың көлемі бұл сомадан аспауы үшін ұсақ тұтынушылық несиелердің өзін банктер қатаң есептеп барып беруге міндеттеледі.

Қазақстандықтар банктерге қанша қарыз?

Қазақстанда халықтың банктерге берешегі жылдан-жылға көбейіп барады. Биыл тұрғындардың қарызы бизнестің берешегінен асып түсті. 2026 жылдың бірінші тоқсанын қорытындылаған Ұлттық банктің есебінше, банк секторының халыққа берген несиесі 25 трлн теңгеге жетсе, бизнес секторындағы көрсеткіш 18,3 трлн теңгеге дейін азайған.

Бизнеске берілген несие 2025 жылдың соңғы тоқсанымен салыстырғанда 0,96%-ға азайған. Ал халықтың несиесі, керісінше, 1,2%-ға өскен.

Қазақстандықтардың банктерден алған 25 трлн теңге қарызының 7 трлн теңгесі – ипотека қарызы. Ал 16,85 трлн теңгесі – тұтынушылық несие. Қалған 1,2 трлн теңге қарызды халық басқа мақсаттарға алған.

Серіктес жаңалықтары