РФММ-де грантқа түсу нәтижелері жарияланғаннан кейін дау туындаған болатын. Аталған жайтқа Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мамырдың ортасында Республикалық физика-математика мектебіне грант ұтып алған балалардың тізімі жарияланды. Алайда нәтижелерге көптеген ата-ана наразы болды. Себеп – қазақтілді оқушылар жоғары балл жинаса да, грантқа өте алмаған. Дәл сондай балл жинаған орыстілді оқушылар оқуға түсіп кеткен. Бұған наразылығын білдірген ата-аналар мектеп оқушыларға теңдей қарау қажеттігін, талапкерлерге тіліне қарамастан, ортақ тізім жасауды талап еткенін жазған едік. Бұл мәселеге қатысты Үкіметте өткен брифингте министр Жұлдыз Сүлейменова пікір білдірді.
“Бұл автономды білім беру ұйымы және 50 пайыз акциясы зияткерлік мектептерге қарасты. Олар дербес автономды заңмен жұмыс істейді. Олардың қабылдау емтиханына бірде-бір орган, оның ішінде Оқу-ағарту министрлігі тікелей әсер ете алмайды. Бірақ министрліктің жұмыс принципінде әділдік, адалдық және тең мүмкіндік пен заңдылықтың сақталуы бар. Қазіргі таңда көптеген ата-ананың өтініші келіп түсті, мәжіліс депутаттарының да өтініштері келіп түсті. Комиссия жұмыс істеп жатыр. Егер осы мәселе расталатын болса, онда біз грант бөлу мәселесін қосымша қарастырамыз. Балалардың тапсырмаларды орындаудағы жоғары балл жинауын растау мәселесі комиссияның қарауында”, – деді министр.