Ақтауда тұрғындар шыбын-шіркейдің тым көбейіп кеткеніне жаппай шағымданып жатыр. Қала тұрғындарының айтуынша, көшеде жүру мүлде қиындаған: жәндіктер ауызға, мұрынға, көзге кіріп, әбігерге салуда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Тұрғындар ағаштарды неге дәрілемейтінін сұрап, наразылық білдіруде. Алайда Ақтау қаласы әкімдігі биыл ағаштарды шыбын-шіркей мен ұсақ жәндіктерге қарсы өңдеу жұмыстары жоспарланбағанын хабарлады. Экологтар мен биологтар жағдайға сабырмен қарап, химиялық өңдеуге асықпауға шақырып отыр.
“ECO-SOCIAL” қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Әділбек Қозыбақов мұндай құбылыстың маусымдық әрі табиғи екенін айтып, жәндіктердің экожүйе үшін маңызды екенін түсіндірді. Оның айтуынша, олар құстар мен басқа да ірі жәндіктер үшін қорек көзі болып саналады. Ол, сондай-ақ шамамен 15 жыл бұрын Бурабайдағы кейбір көлдерді масаларға қарсы химиялық заттармен өңдегеннен кейін, келесі жылы көлдерде балықтардың жоғалып кеткенін мысалға келтірді. Себебі балықтар маса дернәсілдерімен қоректенеді, ал табиғи тепе-теңдік бұзылғаннан кейін көлдерді қайтадан қолдан балықтандыруға тура келген.
Эколог қазіргі таңда өңірде қарлығаштардың көп екенін, ал ұсақ жәндіктер олардың негізгі қорегі екенін де атап өтті.
Не істеу керек?
Ақтаудағы NIS биология пәнінің мұғалімі Салтанат Унбаева көктемде жәндіктер санының көбеюі ағаштар мен бұталардың гүлдеуімен байланысты екенін айтты. Оның сөзінше, гүлдеу кезінде өсімдіктер тәтті нектар мен иіс бөледі, бұл жәндіктерді өзіне тартады. Сонымен қатар мамыр айындағы жылы әрі ылғалды ауа райы да олардың көбеюіне қолайлы жағдай жасайды.
Маман тұрғындарға москит торларын, репелленттерді қолдануға және кешкі уақытта терезелерді жабық ұстауға кеңес берді. Сарапшылардың айтуынша, мұндай маусымдық жәндік қаптауы әдетте екі-төрт аптаға ғана созылып, маусым айының басында ауа райы ысып, жел күшейген соң біртіндеп азая бастайды.