Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус Эбола вирусының қайта өршуіне байланысты дабыл қақты. Індеттің таралу жылдамдығына дәрігерлер төтеп бере алмай жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Емі жоқ
AlJazeera арнасының мәліметінше, қауіпті вирус жұқтырғандар саны 900-ден асса, дерттен шамамен 220 адам көз жұмуы мүмкін.
Індет Конго Демократиялық Республикасынан көршілес Угандаға ауысты. Бұл елде қазірдің өзінде 7 вирус жұқтыру жағдайы тіркелген. Олардың арасында медицина мамандары да бар. Мамандарды әсіресе Эболаның “Бундибугио” деп аталатын жаңа штамы қатты алаңдатып отыр. Себебі бұл штамға қарсы әлі күнге дейін ешқандай вакцина немесе тиімді ем табылмаған.
Тәртіпсіздіктер инфекцияның өршуіне себеп болып отыр
Вируспен күресті аймақтағы ішкі тәртіпсіздіктер де қиындата түсті. Конгоның жергілікті тұрғындары емханалар мен арнайы орталықтарға шабуыл жасап, қайтыс болған туыстарының мәйіттерін өздері жерлеу үшін тартып алуда. Бұл әрекеттер инфекцияның одан сайын өршуіне түрткі болуда. Билік эпидемия ошақтарында адамдардың көп жиналуына шектеу қойғанымен, халық арасындағы үрей мен дәрігерлерге деген сенімсіздік ауруды ауыздықтауға кедергі келтіріп отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Эбола қаупіне байланысты Канада билігі өз шекарасында карантиндік бақылауды күшейткен болатын.