×
485.55
563.38
6.81
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
485.55
563.38
6.81

Михаил Шайдоров жалақы дауына қатысты мәлімдеме жасады

Бүгін, 17:40
Михаил Шайдоров жалақы дауына қатысты мәлімдеме жасады
Михаил Шайдоров. Фото: Ақорда

Мәнерлеп сырғанаудан олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жалақы дауына қатысты мәлімдеме жасады. Бұған дейін Спортты дамыту дирекциясы спортшыға жалақы төленбегенін жаңа келісімшартқа әлі қол қойылмағанымен байланыстырып, түсіндірген, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

21 жастағы мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров жаңа келісімшартта 2030 жылғы Олимпиадада міндетті түрде медаль жеңіп алу туралы талап болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, осы тармаққа байланысты құжат келісілмей қалған, себебі спортшының командасы бұл талапты заңдық тұрғыдан қайта қарауды сұраған.

– Бұл қисынсыз әрі мүмкін емес нәрсе. Мен 2026 жылы төрт жылдан кейін өтетін Олимпиаданы ұта алмаймын ғой. Біз заңгерлерге сұрақ қойып, осы тармақты қайта қарауды өтіндік. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып жатқандай, осы күнге дейін бізбен ешкім байланысқа шыққан жоқ», — деп жазды Шайдоров Threads желісінде.

Спортшының айтуынша, 5 маусымға оқу-жаттығу жиындары жоспарланған. Алайда 2026 жылға арналған жаңа келісімшартты талқылау үшін онымен тек мамырдың ортасында ғана байланысқан. Бұған дейін спортты дамыту дирекциясы жаңа олимпиадалық цикл басталуына байланысты наурыз айынан бастап жаңа еңбек шарты жасалуы тиіс екенін хабарлаған еді.

– Шын мәнінде, бір ай бойы біздің жаңа маусымға дайындық мәселеміз ескерусіз қалды. 5 маусымда жиын басталатынын айтып, оның маңызын түсіндірдік. Біз бірнеше рет хабарласып, сметаларды жібердік, бағдарлама қою шығындары төлене ме, жиын ұйымдастырыла ма, ұшақ билеттері алына ма деп сұрадық. Бірақ нақты жауап та, дайындық жұмыстары да болған жоқ. Ал ұшуға бір апта ғана қалды, — деді ол.

Сондай-ақ Шайдоровтың сөзінше, өзі де, командасы да бес айдан бері «федерациядан» жалақы алмаған. Оның айтуынша, спортты дамыту дирекциясы тек қаңтар айының және 2026 жылғы 22 ақпанға дейінгі еңбекақыны төлеген.

Бұдан бөлек, олимпиада чемпионы әлі күнге дейін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері куәлігін алмағанын айтты. Оның сөзінше, ол бұл нормативті 2025 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алып, барлық рәсімдерден өткен кезде орындаған.

Шайдоров өмір бойы төленетін мемлекеттік төлемдер мәселесіне де тоқталды. Бұған дейін дирекция олимпиада алтыны үшін спортшыға 250 мың доллар, Алматыдан үш бөлмелі пәтер және өмір бойғы ай сайынғы мемлекеттік төлем қарастырылғанын мәлімдеген еді.

– Меніңше, министрлік бұл мәселеде асығыс мәлімдеме жасады. Өйткені бұл ақпарат толықтай дұрыс емес. Мен бұл төлемдерді тек 20 жылдық еңбек өтілі болған жағдайда ғана ала аламын. Ал мен қазір небәрі 21 жастамын. Сондықтан әзірге мұндай төлемдерге сеніп отырған жоқпын. Болашақта ондай еңбек өтілін жинауым мүмкін, бірақ қазір бұл туралы айтуға әлі ерте. Алда көп жұмыс бар, оған лайық болу керек, — деді спортшы.

Бұған дейін Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің спортты дамыту дирекциясы Шайдоровтың жалақы төленбегені туралы мәлімдемесіне жауап берген болатын. Дирекция қаңтар мен ақпан айлары үшін барлық төлем толық жасалғанын айтып, жарты жылдық қарыз туралы ақпаратты жоққа шығарды. Алайда наурыз және сәуір айларында кешігу болғанын мойындады.

– Бүгінде Михаилдың командасы мен жаттықтырушылары келісімшартты толық қарап шығып, онымен келісті. Жаңа келісім толық дайын, оның шарттары бұрынғысынан әлдеқайда тиімді және чемпион мәртебесіне сай келеді. Михаил құжаттарға қол қойған сәтте барлық тиесілі қаражат бірден төленеді, — деп хабарлаған дирекция.

Михаил Шайдоров биыл Милан Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алған еді.

Бұл — Қазақстан тарихындағы қысқы Олимпиада ойындарындағы екінші алтын медаль және мәнерлеп сырғанаудан алынған тұңғыш алтын. Бұған дейін бұл спорт түрінен Денис Тен қола жүлде иеленген болатын.

 

Серіктес жаңалықтары