×
485.95
565.74
6.83
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
485.95
565.74
6.83

Маусым айына ауа райы болжамы жарияланды

Бүгін, 14:47
Маусым айына ауа райы болжамы жарияланды
Фото: ашық дереккөз

"Қазгидромет" РМК маусымға ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Синоптиктердің болжамына сәйкес, 2026 жылғы маусым айында Қазақстан аумағында ауа райы құбылмалы сипатта болады. Елдің басым бөлігінде орташа айлық температура климаттық нормадан 1–2°С жоғары күтілсе, батыс өңірлерде көрсеткіштер норма деңгейінде сақталады. Жауын-шашын мөлшері негізінен көпжылдық орташа мәндерге сәйкес келеді, алайда батыс пен солтүстік-батыстың жекелеген аумақтарында нормадан көп түсуі ықтимал.

Айдың алғашқы онкүндігінде республика бойынша циклондар мен атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты ауа райы тұрақсыз болады. Кей жерлерде өткінші жаңбыр, найзағай, бұршақ және екпінді жел күтіледі. Солтүстік-батыс өңірлерде кей күндері нөсер жаңбыр жаууы мүмкін. Оңтүстік және оңтүстік-батыс аймақтарда шаңды дауылдың тіркелу ықтималдығы жоғары.

Маусымның басында ауа температурасы біртіндеп жоғарылай бастайды. Батыс, оңтүстік-батыс және Ақтөбе облысында түнгі температура +6…+12°С-тан +13…+22°С-қа дейін, күндізгі температура +15…+25°С-тен +27…+32°С-қа дейін көтеріледі. Оңтүстік-батыс өңірлерде ауа температурасы +35°С-қа дейін жетуі мүмкін.

Солтүстік аймақтарда, соның ішінде Қостанай облысында температура түнде +11…+16°С-тен +15…+20°С-қа дейін, күндіз +21…+26°С-тен +28…+33°С-қа дейін ауытқиды. Оңтүстік өңірлерде түнгі температура төмендеп, күндізгі аптап ыстық біртіндеп бәсеңдейді. Оңтүстік-шығыста да ыстықтың беті қайтады деп күтіледі.

Айдың басында шығыс пен орталық өңірлерде күндіз ауа температурасы +33…+39°С-қа дейін көтеріледі. Алайда кейінгі күндері температуралық фон тұрақталып, ел аумағында түнде +13…+20°С, күндіз +25…+33°С аралығында сақталады.

Маусымның екінші және үшінші онкүндіктерінде ыстық ауа райы жаңбырлы, найзағайлы және желді күндермен алмасып отырады. Кейбір аудандарда бұршақ пен шаңды дауыл болуы мүмкін.

Жалпы алғанда, ай бойы температуралық режим тұрақсыз болады. Батыс, солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде күндізгі температура кей күндері +35…+39°С-қа, ал орталық аймақтарда +42°С-қа дейін жетуі ықтимал. Оңтүстік өңірлерде аптап ыстық +40…+46°С-қа дейін жетуі мүмкін.

Серіктес жаңалықтары