Қазақстанда алкогольсіз және минералды сусындарға сұраныс артып келеді. 2026 жылдың алғашқы үш айында елдегі өндіріс көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28 пайызға артты, деп хабарлайды ulysmedia.kz
,2026 жылғы қаңтар-наурыз аралығында Қазақстан кәсіпорындары 1,1 млрд литр алкогольсіз және минералды сусын өндірген. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен айтарлықтай жоғары.
Сонымен қатар ішкі нарықтағы сату көлемі де өсім көрсеткен. Үш ай ішінде ел ішінде 1 млрд литрге жуық өнім сатылып, көрсеткіш бір жылда 33,9 пайызға артқан.
Ал экспорт көлемі керісінше төмендеді. Есепті кезеңде шетелге 77,6 млн литр минералды су мен алкогольсіз сусын жөнелтілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,8 пайызға аз.
Импорт көлемі айтарлықтай ұлғайған. Қазақстанға үш айда 105,2 млн литрден астам алкогольсіз сусын әкелініп, өсім 34,2 пайызды құрады. Импорттық өнімдердің нарықтағы үлесі 9,5 пайыз болған.
Қазіргі таңда елімізде алкогольсіз сусын өндірумен 132 кәсіпорын айналысады. Саладағы өндіріс көлемінің өсуі ішкі сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді.