×
485.34
564.45
6.53
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
485.34
564.45
6.53

Үш адамның өмірін қиған жол апаты: Күдіктінің достарына да қылмыстық іс қозғалды

Бүгін, 14:12
Үш адамның өмірін қиған жол апаты: Күдіктінің достарына да қылмыстық іс қозғалды
ulysmedia.kz коллажы

Алматыда үш адамның өмірін қиған жол апатына байланысты жаңа қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

Заңгер Мейірман Шекеевтің айтуынша, іс бойынша күдікті деп танылған Александр Пакпен оқиға болған күні бірге болған адамдарға қатысты іс бөлек өндіріске алынған. Оған сәйкес, «жалған куәлік берді» деген айыппен төрт адамның үсінен қылмыстық іс қозғалған.

– Бұлар айыпталушымен бірге отырып, ішімдік ішкен адамдар. Олар бастапқыда тергеуге күдіктінің алкоголь қолданбағанын айтып, басқа мәлімет берген.  Бірақ кейін медициналық сараптама қорытындысы шықты, төленген есепшот табылды және басқа да дәлелдер жиналды. Қазіргі уақытта, Қылмыстық кодекстің 420-бабының 1-бөлігі бойынша «жалған жауап» берген деген күдікпен төрт азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды», — деді Шекеев.

Бұған дейін прокурор айыптау актісінде жол апаты болған күні Александр Пактың жеңіл дәрежеде мас болғанын айтқан болатын. Оның қанынан 1,3 промилле алкоголь табылған.

Бұдан бөлек, Мейірман Шекеевтің сөзінше, жол апатына қатысты полиция қызметкерінің үстінен ҚК 370-бабының 4-бөлігі «Қызметтік әрекетсіздік» бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оқиға болған күні полиция қызметкері Александр Пакпен бірге кафеде болған және оның масаң күйде көлік айдауына кедергі жасамаған.

Мейірман Шекеев жол апатында қаза тапқан Құмар Теңеубаеваның анасы Бақытгүл Жолдасованың заңды мүддесін қорғаған. Бірақ 1 маусымда өткен сот отырысында Жолдасова айыпталушы Александр Пакқа кешірім бергенін және заңды өкілдерінен бас тартқанын айтып, өтінішхат түсірген.

Бақытгүл Жолдасовадан бөлек, марқұм Еламан Тілемесовтың әпкесі, іс бойынша жәбірленуші деп танылған Ләззат Тілемесова да сотталушыға кешірім берген.

Александр Пак өзіне тағылған айыпты толықтай мойындады. Ол алдын ала сот тыңдауында болған оқиғаға өкінетінін айтқан.

Контекст

28 мамырда өткен алдын ала сот тыңдауында прокурор айыптау актісін оқыған. Айыптау актісіне сәйкес, 1993 жылы туған Александр Пак жол апаты болған түні жалған мемлекеттік нөмір тағылған Zeekr X көлігін тізгіндеп, Әл-Фараби даңғылы бойымен батыс бағытта келе жатқан.

Тергеу нұсқасына сәйкес, ол мас күйде болған, жол қозғалысы ережелерінің бірден бірнеше тармағын бұзған, қауіпсіз жылдамдықты сақтамаған, қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes-Benz C300 көлігімен соқтығысқан.

Александр Пактың қанынан 1,3 промилле алкоголь анықталған. Сондай-ақ соттың автотехникалық сараптама дерегінше, соқтығыс сәтіне дейін Zeekr X көлігінің жылдамдығы шамамен сағатына 219 шақырым болған.

– Жол апаты салдарынан оқиға орнында Mercedes-Benz C300 көлігінің жүргізушісі, 1996 жылы туған Еламан Тілемесов және оның екі жолаушысы – 2003 жылғы Құмар Теңеубаева мен 2005 жылы туған Томирис Қыдырбек қаза тапты, – делінген айыптау актісінде.

Күдікті Александр Пакке қылмыстық кодекстің 345-1 4-бабы бойынша айып тағылған.

21 наурызда Алматыдағы әл-Фараби және Меңдіқұлов көшелерінің қиылысында Zeekr Xавтокөлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Mercedes-Benz C300  көлігімен соқтығысқан. Жол апатынан үш адам қаза тапқан. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыланып, кейіннен қалалық полиция департаментінің бірнеше лауазымды шендісі қызметінен кеткен.

Сол уақытта желіде әл-Фараби көшесінде көлік жарысы болатыны туралы айтылған. Қымбат көліктер мемлекеттік нөмірін ауыстырып, қалада жарыс ұйымдастырады деген ақпарат тараған.

 

Серіктес жаңалықтары