×
$
451.05
€
504.95
₽
5.6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
451.05
€
504.95
₽
5.6

Қарағанды облысында жолаушылар пойызы жүк көлігімен соқтығысты

Бүгін, 13:45
Қарағанды облысында жолаушылар пойызы жүк көлігімен соқтығысты
Ulysmedia.kz коллажы

Қарағанды облысында теміржол өткелінде жолаушылар пойызы мен жүк көлігі соқтығысты. Қатты соққыдан көлікке айтарлықтай зақым келгенімен, ешкім зардап шеккен жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші соқтығыс болар сәтте көліктен секіріп үлгерген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жол апаты 24 қазанда таңертең ерте Шет ауданындағы Сарышаған – Қарағанды теміржол учаскесінде болған.

SHACMAN жүк көлігі Алматы – Петропавл бағытындағы жолаушылар пойызы жақындап қалған сәтте бағдаршаммен реттелмейтін теміржол өткеліне шығып кеткен.

Пойыз машинистері жолдағы кедергіні байқап, шұғыл тежегішті іске қосқан. Алайда пойызды дер кезінде тоқтату мүмкін болмай, жүк көлігімен соқтығысқан.

Қатты соққыдан көліктің сау-тамтығы қалмаған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігінің жүргізушісі пойыз соғылар алдында кабинадан шығып үлгеріп, аман қалған. Оқиғадан кейін оның апат орнынан кетіп қалғаны хабарланды.

Пойыздағы жолаушылар мен қызметкерлер арасында да зардап шеккендер жоқ.

Соқтығыстан шамамен жарты сағат өткен соң пойыз өз бағыты бойынша жолын жалғастырған.

Полиция не дейді?

Қарағанды облыстық полиция департаменті жол апаты болғанын растады.

Ведомство мәліметінше, жүк көлігінің тізгінінде 53 жастағы ер адам болған.

– Алдын ала мәлімет бойынша, 53 жастағы жүк көлігінің жүргізушісі теміржол өткелінен өтудің қауіпсіз екеніне көз жеткізбей, пойызбен соқтығысқан, – деп хабарлады полиция.

Апат салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.

Оқиға полицияда тіркелді. Қазір тәртіп сақшылары соқтығыстың барлық мән-жайын анықтап жатыр.