×
485.34
564.45
6.53
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
485.34
564.45
6.53

Никол Пашинян Арменияның ҰҚШҰ құрамынан шығуы мүмкін екенін айтты

Бүгін, 15:17
Никол Пашинян Арменияның ҰҚШҰ құрамынан шығуы мүмкін екенін айтты
Фото: Асатур Есаянц / Sputnik / РИА Новости

Никол Пашинян Армения қажет деп тапса, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы құрамынан шығуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

Никол Пашинян бұл жөнінде сайлаудағы қарсыласы «Күшті Армения» блогының өкілі Нарек Карапетянмен болған дебат кезінде айтты. Нарек Карапетян — ресейлік кәсіпкер, «Ташир» тобының негізін қалаушы Самвел Карапетяннің жиені. Қазіргі уақытта Самвел Карапетян «Арменияда билікті күшпен басып алуға әрекеттенді»деген айыппен үйқамақта отыр.

Пікірталас барысында Карапетян Арменияның ҰҚШҰ-ға мүшелігін тоқтатып, ұйымға жарна төлеуді де доғарғанын алға тартты. Ол «егер ұйым өз міндетін атқармаса, одан бір жола шығып кеткен жөн» деді. Бірақ ол бұған дейін Арменияда Әзербайжанға қарсы тұра алатындай сенімді қауіпсіздік кепілдігі болуы тиіс екенін айтты.

Бұған жауап ретінде Пашинян: «Шығатын болсақ, шығамыз. Бізді қорқытпақсыздар ма? Мұны сіз де, сіздің ағаңыз да шешпейді. Шешім қабылдайтын — біз», — деді.

Ол Арменияның сыртқы саяси шешімдерін тек елдің өзі қабылдайтынын айтты.

– Шетел агенттері біздің не істейтінімізді шешпейді. Біз Александр Лукашенконың қайтадан біздің қауіпсіздігіміздің кепілі болуына жол бермейміз, — деді ол.

Контекст

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы 1992 жылы құрылған. Қазір оған Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан кіреді.

Армения 2024 жылы ұйымға қатысуын уақытша тоқтатқан. Бұл шешім Таулы Қарабақ аймағы қайтадан Әзербайжан бақылауына өткеннен кейін қабылданған болатын. Аймақ халықаралық құқық бойынша Әзербайжан аумағы болып саналады, алайда 1990-жылдардың басынан бері армян күштерінің бақылауында болып келген.

2024 жылы мамырда Бакуге сапары кезінде Беларусь президенті Александр Лукашенко Әзербайжанның Қарабақтағы соғысын «азат ету соғысы» деп атаған. Осыдан кейін Ереван ұйымдағы серіктестерін одақтастық міндеттемелерін орындамады деп айыптаған.

Арменияда парламент сайлауы 7 маусымда өтеді. Сайлауда көп дауыс жинап, парламентте басым орынға ие болған партия үкіметті жасақтап, премьер-министрді сайлайды.

Серіктес жаңалықтары