Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстанда жазда бензин қаншалықты қымбаттайтынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік реттеу алынып тасталғаннан кейін жанармайдың бағасы енді нарыққа, яғни ел ішіндегі сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасады.
«Менің білуімше, бензин 3-4 теңгеге өскен», – деді Ақкенженов Мәжіліс кулуарында.
Жаздың соңына дейін баға өсімі жалғаса ма, деген сұраққа министр тағы да мемлекет бұдан былай жанармай бағасын тікелей реттемейтінін жеткізді.
«Біз нарықты реттемейміз. Егер нарыққа қатысушылар бағаны 3–4 теңгеге көтеруді орынды деп санаса, онда баға соған сай өзгереді», – деді ол.
Сонымен қатар, министр жанармай бағасы бірден 100 теңгеге күрт қымбаттайды деген болжамды қолдамайтынын айтты
«Мен бұлай ойламаймын. Нарықтық баға бар. Қазір мұнай бағасы шектен тыс өсіп жатқан жоқ, барреліне шамамен 93,5 доллар деңгейінде қалып отыр. Қазақстандықтарды сабыр сақтауға шақырамын. Энергетика министрлігі жағдайды бақылауда ұстап, оның ушығып кетпеуі үшін барлық қажетті шараларды қапбылдайды», - деді министр.