Блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова курсын сатып алушылар арасында ұтысқа тіккен автокөліктер электронды сауда порталында сатылымға шығарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Астана қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті сегіз дана Hyundai Elantra автокөлігін сату туралы хабарландыру жариялаған. Жеті көлікті бағалау құны 8 395 000 теңгені құрайды, ал бір автокөлік одан 5 мың теңгеге арзан бағаланған.
Көліктер Zhana Business компаниясына тіркелген, оның құрылтайшысы сотталған Эльмира Төлегенова
Сауда 7 шілде күні сағат 10:00-де басталады. Қазіргі уақытта бұл автокөліктерді тек мемлекеттік мекеме немесе кәсіпорын түрінде тіркелген заңды тұлғалар ғана ала алады. Олардың қатарына әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдар кіреді: жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру мекемелері, мектепке дейінгі және орта білім ұйымдары, уақытша тұру орталықтары, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік мекемелер кіреді.
Егер көліктер осы санаттағы ұйымдарға берілмесе, онда лоттар кейін барлық ниет білдірушілер үшін ашық саудаға шығарылады.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС
2025 жылғы 15 қыркүйекте Астананың мамандандырылған ауданаралық соты ерлі-зайыпты Жанәбіловтерге қатысты әкімшілік істі қараған. Заңсыз лотерея өткізу дерегі бойынша іс тоқтап, қылмыстық құқықбұзушылық белгілеріне байланысты материалдар экономикалық тергеу департаментіне жолданған.
Қаржы мониторингі агенттігі Instagram желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыпты сенімге кіріп, заңсыз табыс тапқан деген күдікке ілінгенін хабарлады.
24 сәуірде сот алдындағы соңғы сөзінде Төлегенова көзіне жас алып, болған жайт үшін жауапкершілікті толық түсінетінін айтты. Сондай-ақ, процессуалдық келісім жасау жөнінде өтініш білдірді.
«Болған оқиғаға қатысты жауапкершілікті толық түсінеміз. Бұл біз үшін үлкен өмірлік сабақ болды. Заңды бұзғанымыз үшін шын жүректен өкінеміз. Бас бостандығымыздан айырмайтын жаза тағайындауды сұраймыз. Өз құқығымды пайдалана отырып, сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін процессуалдық келісім жасау туралы өтініш білдіремін. Оның барлық шарттары мен салдары бізге түсіндірілді», – деді ол.
ҮКІМ
27 сәуірде сот блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға үкім шығарған. Ерболат Жанабылов кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілеумен бірге 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды және пробациялық бақылауға алынды. Эльмира Төлегеноваға 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бірақ балаларының жасы кіші болуына байланысты жазаны өтеу 2 жылға кейінге қалдырылды..