×
$
469.93
541.64
5.71
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
469.93
541.64
5.71

Үш адамның өмірін қиған жол апаты: Сотта Александр Пак соңғы сөзін айтты

22.06.2026, 13:18
Үш адамның өмірін қиған жол апаты: Сотта Александр Пак соңғы сөзін айтты
Ulysmedia.kz

Әл-Фарабидегі жол апатына қатысты сот процесінде айыпталушы Александр Пак жәбірленушілерден, соттан және қоғамнан кешірім сұрады, деп хабаралайды ulysmedia.kz

«Мен ақталмаймын. Сот, прокуратура, қоғам алдында, ең алдымен жәбірленушілердің туыстарының алдында кешірім сұраймын. Бұл өте ауыр жағдай. Егер мен оның осындай салдары боларын білгенде... Жасаған ісіме шын жүректен өкінемін», – деді ол.

Пак соттан өзінің несиелері мен қарыздарын ескеруді сұрап, жауапкершілікті көтеруге дайын екенін айтты.

«Мен қылмыскер емеспін. Ата-анамның, отбасымның қандай күйде екенін ойлап көріңіздерші. Мен Тараздан шыққан қарапайым жігітпін. 20 жасымнан бастап адал еңбек еттім. Тапқанымның бәрі – өз еңбегімнің жемісі. Мен ешқандай миллиардердің ұлы емеспін, саяси шенеуніктермен байланысым жоқ. Болашақтағы жалғыз мақсатым – отбасын құрып, оларға сенімді тірек болу», – деді сотталушы.

Ал қорғаушы тарап соттан жазаны жеңілдетуді сұрады. Адвокаттың сөзінше, Пак жол-көлік оқиғасы кезінде алған жарақаттарынан әлі толық айықпаған.

«Осы уақытқа дейін сотталушы оқиғаның моральдық қана емес, физикалық салдарын да тартып келеді. Ол апат кезінде алған жарақаттарынан толық сауығып кеткен жоқ. Бұл мән-жайлар әділ әрі тепе-тең жаза тағайындау кезінде ескерілуге тиіс», – деді адвокат.

Қорғаушы сондай-ақ жәбірленушілердің бір бөлігінің қатаң жаза талап етпегенін, ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын және жеңілдететін мән-жайлардың жиынтығын алға тартып, соттан Қылмыстық кодекстің 55-бабын қолдануды сұрады.

«Пак Александр Олеговичке заңда көзделген барынша төмен әрі барынша жеңіл жаза тағайындауды сұраймыз», – деді ол.

АЙЫПТАУ 

Айыптау актісіне сәйкес, 1993 жылы туған Александр Пак жол апаты болған түні жалған мемлекеттік нөмір тағылған Zeekr X көлігін тізгіндеп, әл-Фараби даңғылы бойымен батыс бағытта келе жатқан.

Тергеу нұсқасына сәйкес, ол мас күйде болған, жол қозғалысы ережелерінің бірден бірнеше тармағын бұзған, қауіпсіз жылдамдықты сақтамаған, қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes-Benz C300 көлігімен соқтығысқан.

Александр Пактың қанынан 1,3 промилле алкоголь анықталған. Сондай-ақ соттың автотехникалық сараптама дерегінше, соқтығыс сәтіне дейін Zeekr X көлігінің жылдамдығы шамамен сағатына 219 шақырым болған.

– Жол апаты салдарынан оқиға орнында Mercedes-Benz C300 көлігінің жүргізушісі, 1996 жылы туған Еламан Тілемісов және оның екі жолаушысы – 2003 жылғы Құмар Теңеубаева мен 2005 жылы туған Томирис Қыдырбек қаза тапты, – делінген айыптау актісінде.

Күдікті Александр Пакке қылмыстық кодекстің 345-1 4-бабы бойынша айып тағылған. 

ЖОЛ АПАТЫ

21 наурызда Алматыдағы әл-Фараби және Меңдіқұлов көшелерінің қиылысында Zeekr Xавтокөлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Mercedes-Benz C300  көлігімен соқтығысқан. Жол апатынан үш адам қаза тапқан. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыланып, кейіннен қалалық полиция департаментінің бірнеше лауазымды шендісі қызметінен кеткен.

Сол уақытта желіде әл-Фараби көшесінде Қымбат көліктер мемлекеттік нөмірін ауыстырып, қалада жарыс ұйымдастырады деген ақпарат тараған.