×
472.03
540.29
6.11
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
472.03
540.29
6.11

Қазақстан Иранда аятолла Хаменеймен қоштасу рәсіміне қатысты

Бүгін, 10:23
Қазақстан Иранда аятолла Хаменеймен қоштасу рәсіміне қатысты
ҚР СІМ

Қазақстан делегациясы Иранның жоғарғы көшбасшысы, аятолла Сейед Әли Хаменеймен қоштасуға арналған аза тұту рәсімдеріне қатысты. Тегеранда ел атынан сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстан атынан көңіл айту

Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқының атынан Ермек Көшербаев Иран халқына және басшылығына жуырдағы қайғылы оқиғаларға байланысты шынайы көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Ермек Көшербаев Иран президенті Масуд Пезешкианмен кездесіп, сыртқы істер министрі Аббас Аракчимен келіссөз жүргізді.

Ынтымақтастық мәселесі талқыланды

Кездесулерде тараптар Иран президентінің 2025 жылғы желтоқсанда Қазақстанға жасаған сапарынан кейін қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуын талқылады.

Өңірлік қауіпсіздік пен екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамыту мәселелері де бөлек қаралды.

Қазақстан Иранмен әріптестік және тату көршілік байланыстарды сақтай отырып, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.

Логистика және сауда

Тараптар 28 маусымда Бендер-Аббастағы Шахид Раджаи портынан Қазақстанға жер телімін беру туралы келісімді де жоғары бағалады. Ол жерде қазақстандық көлік-логистика терминалын салу жоспарланып отыр.

– Осыған байланысты терминал құрылысы Қазақстан мен Иран арасындағы өзара сауда көлемін одан әрі арттыруға ықпал етеді деген сенім білдірілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда 26,4%-ға өсіп, 430,2 миллион долларға жеткен.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан-Иран ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға өзара мүдделі екенін растады. Сондай-ақ, екіжақты күн тәртібіндегі барлық бағыт бойынша ықпалдастықты кеңейту үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті, – деп хабарлады ҚР СІМ.

Хаменеймен қоштасу

Қоштасу рәсімі Тегерандағы Мосалла діни кешенінде басталды. Иран СІМ мәліметінше, қаралы шараларға 100-ге жуық елдің өкілдері қатысып жатыр.

Қоштасу 4-6 шілде аралығында өтеді. Кейін мәйіт Құм қаласына жеткізіледі. Одан соң рәсімдер шииттер үшін қасиетті саналатын Наджаф пен Кербала қалаларында жалғасады.

Жерлеу рәсімі 9 шілдеге Хаменейдің туған қаласы Мешхедте, имам Реза кесенесінде жоспарланған.

Хаменей туралы не белгілі?

Әли Хаменей Иранды 1989 жылдан бері басқарып, 36 жылдан астам уақыт елдің басты саяси және діни жетекшісі болды.

Ол елдің сыртқы және қорғаныс саясатын айқындап, жоғарғы бас қолбасшы қызметін атқарды әрі мемлекеттік басқаруға шешуші ықпал етті.

Хаменей 2026 жылғы 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Тегерандағы нысандарға жасаған соққысы кезінде қаза тапты.

Ол қайтыс болғаннан кейін Иранның жаңа жоғарғы жетекшісі болып оның ұлы Моджтаба Хаменей тағайындалды.