×
$
453.93
€
508.72
₽
5.35
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.93
€
508.72
₽
5.35

Сауд Арабиясындағы әуежайға жасалған шабуыл: зардап шеккендер арасында қазақстандықтар бар ма?

Бүгін, 16:57
Сауд Арабиясындағы әуежайға жасалған шабуыл: зардап шеккендер арасында қазақстандықтар бар ма?
Видео кадры

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласындағы халықаралық әуежайға жасалған шабуыл кезінде қаза тапқан немесе жарақат алған қазақстандықтар бар-жоғын анықтап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жергілікті биліктің кейінгі мәліметіне сәйкес, шабуыл салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 309 адам жарақат алған.

Мән-жайы

Қаза тапқандар арасында Сауд Арабиясы, Бангладеш, АҚШ, Мысыр, Иордания, Сирия, Палестина және Судан азаматтары бар.

Зардап шеккендердің кейбірінің жағдайы ауыр.

Әзірге қаза тапқандар мен жараланғандар арасында Қазақстан азаматтары бар екені туралы ақпарат түскен жоқ.

«ҚазИнформ» агенттігінің жазуынша, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұл мәліметтерді әлі де нақтылап жатыр.

Әуежайда не болды?

Еске салайық, Эр-Риядтағы Король Халид атындағы халықаралық әуежайға йемендік хуситтер шабуыл жасаған.

Reuters агенттігінің мәліметінше, бұл – бір апта ішінде аталған әуежайға жасалған үшінші шабуыл.

Соңғы шабуыл Сауд Арабиясында кейінгі он жылдан астам уақыт ішінде ең көп адам өліміне әкелген оқиға болды.

Куәгерлердің айтуынша, жарылыстан кейін әуежай ғимаратының ішінде жараланған адамдар болған.

Жолаушылардың бірі әуеде ұшып келе жатқан белгісіз затты байқағанын айтқан. Артынша ұшаққа отырғызу қақпасының маңында төбенің бір бөлігі опырылып түскен.

Бұл ретте қауіп туралы ескерту жүйесі іске қосылмаған.

Шабуылдан кейін әуежай жұмысы уақытша тоқтатылып, ұшақтар басқа қалаларға бағытталған.

АҚШ қалай жауап берді?

Сауд Арабиясы шабуылға жауап беретінін мәлімдеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп та хуситтерге қарсы соққы жасауға америкалық әскерилердің қатысуы мүмкін екенін жоққа шығармады.

«Мүмкін. Біз бұл мәселені қарастырамыз. Соңғы шабуыл туралы жаңа ғана білдік, сондықтан тиісті шешім қабылдаймыз. Біз өте жылдам әрекет етеміз», – деді Трамп.

Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио әуежайға жасалған шабуылды айыптады.