×
472.03
540.29
6.11
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
472.03
540.29
6.11

«Домбыра – ұлттың үні»: Тоқаев қазақстандықтарды құттықтады

Бүгін, 09:12
«Домбыра – ұлттың үні»: Тоқаев қазақстандықтарды құттықтады
Almaty.tv

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, бұл аспаптың ел тарихы мен мәдениетіндегі ерекше орнына тоқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Домбыра – ұлттың үні

Құттықтауында Тоқаев домбыраны ұлттық болмыстың ажырамас бөлігі әрі халқымыздың баға жетпес мәдени мұрасы деп атады.

Президенттің айтуынша, ғасырлар бойы дәл осы домбыра арқылы рухани құндылықтар ұрпақтан ұрпаққа жетіп, буындар сабақтастығы сақталып, ел бірлігі нығая түскен.

– Шын мәнінде, ұлттың үні саналатын қасиетті аспабымыз қуанышты сәттерде де, қиын кездерде де берекелі бірлігімізді нығайтып, елдің рухын асқақтатуға себепкер болды. Домбыраның күмбірі азаматтарымызды жігерлендіреді, алға нық қадам жасауды көздеген рухани бағыт-бағдарымызбен үндеседі, – деді Мемлекет басшысы.

Мұраны сақтаудың маңызы

Тоқаев жаһандық сын-қатерлер мен дәстүрлі құндылықтар көмескіленіп бара жатқан қазіргі кезеңде домбыра және онымен байланысты Ұлы дала мәдени мұрасы қазақ мәдениетінің берік өзегі болып қала беруі керек екенін атап өтті.

– Халықаралық қауымдастыққа қазақ Домбырасының сазды әуенін таныстыру – біздің жалпыұлттық парызымыз. Аса көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ – Домбыра» деген тамаша теңеуі Домбыраны кеңінен дәріптеу ісінде темірқазық іспеттес болуға тиіс деп ойлаймын.

1 шілдеде, яғни Домбыра күні қарсаңында мемлекеттілік жылнамасының жаңа парағын ашқан Халық Конституциясы заңды күшіне енді. Мұның символдық мәні айрықша.

Тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау алғаш рет шын мәнінде Халық Ата заңының негізгі қағидаты ретінде айқындалды. Бұл өсіп-өркендеуге бет алған халқымыздың бітім-болмысына, мақсат-мүддесіне толық сай келетіні сөзсіз, – деді ол.

Тоқаев домбыра өнерін Қазақстанда дамытып, оны шетелде танытып жүрген домбырашыларға, ұстаздарға және осы салаға үлес қосып жүрген барша азаматқа алғыс айтты.

Президент қазақтың күйлері мен әндері алдағы уақытта да адамдарға шабыт беріп, қоғамды біріктіре беретініне сенім білдірді.

Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарға бейбітшілік, бақ-береке және бақыт тіледі.

Контекст

Ұлттық домбыра күні жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде атап өтіледі. Бұл мереке 2018 жылы бекітілген.