Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс прокуратураға жолданды. Алайда марқұмның отбасы тергеу барысында елеулі заңбұзушылықтар болғанын айтып, істі қосымша тергеуге қайтаруды талап етіп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Otyrar.kz мәліметінше, Нұрайдың ағасы Сұлтан Серікбай мен жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров іс материалдарымен танысқаннан кейін тергеу жұмысына қатысты көп сұрақ туындағанын айтты.
Олардың сөзінше, бұған дейін берілген кейбір өтінішхаттар қараусыз қалған. Ал істің өзінен бірқатар елеулі кемшілік анықталған.
Бұған байланысты жәбірленуші тарап прокурорға шағым жолдап, істі қосымша тергеуге қайтаруды және барлық заңбұзушылықты жоюды талап етті.
Адвокаттың айтуынша, әзірге бұл өтінішке жауап берілмеген.
Туыстарының қорқынышы қандай?
Нұрайдың отбасы іс сотқа өзгертілген күйінде түсуі мүмкін деп алаңдайды.
Қазір 28 жастағы күдіктіге бірден үш бап бойынша айып тағылған: аса қатыгездікпен кісі өлтіру, сталкинг және некеге тұруға мәжбүрлеу.
Алайда марқұмның туыстары сталкинг пен некеге мәжбүрлеу баптары алып тасталуы мүмкін деп қауіптенеді.
Адвокаттың айтуынша, айыптың түпкілікті қалай тұжырымдалатыны алдағы сот процесіне тікелей әсер етеді.
Марқұмның туыстары істі ерекше бақылауға алуды сұрады
Марқұмның жақындары Бас прокуратураға жүгініп, тергеуді ерекше бақылауға алуды сұрады.
Олар күдіктіге тағылған үш баптың да өзгеріссіз сақталуын талап етіп отыр.
Контекст
Қайғылы оқиға 11 қаңтарда кешке Шымкентте болған.
Тергеу дерегінше, Нұрай үйінен дүкенге шыққан кезде оны танысы күтіп тұрған. Ер адам қызды күшпен ұстап, бірнеше рет пышақ сұғып, оқиға орнынан қашып кеткен.