×
472.03
540.29
6.11
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
472.03
540.29
6.11

ОПЕК+ елдері тамызда мұнай өндіру көлемін арттыруға келісті

Бүгін, 17:50
ОПЕК+ елдері тамызда мұнай өндіру көлемін арттыруға келісті
Ulysmedia.kz коллажы

ОПЕК+ құрамындағы жеті ел 2026 жылғы тамызда мұнай өндіру көлемін арттыруға келісті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Альянс елдерінің шешіміне сәйкес, мұнай өндірісі тәулігіне 188 мың баррельге көбейеді. Бұл өсім 2023 жылғы сәуірде келісілген қосымша ерікті шектеулерді біртіндеп жеңілдету аясында жүзеге асады.

ОПЕК+ елдері әлемдік мұнай нарығындағы жағдайды мұқият бақылайтынын мәлімдеді. Нарықтағы ахуал өзгерсе, қазіргі шешім толық немесе ішінара қайта қаралуы мүмкін.

Сондай-ақ, қатысушы елдер Ынтымақтастық декларациясына бейілді екенін растады және мұнай өндіру көлемі бойынша іс-қимылды үйлестіре беруге келісті.

Келісімдердің, соның ішінде ерікті шектеулердің орындалуын Бірлескен министрлік мониторинг комитеті қадағалайды.

Бұдан бөлек, альянс елдері нарықтағы жағдайды, келісімдердің орындалу деңгейін және өтемақы мәселелерін бағалау үшін ай сайын кездесу өткізіп тұруға ниетті.

ОПЕК+ елдерінің келесі отырысы 2026 жылғы 2 тамызға жоспарланған.

Контекст

Бұған дейін Reuters агенттігі альянс ішінде квотаға қатысты жаңа келіспеушіліктер туындап жатқанын жазған еді. БАӘ ОПЕК+ құрамынан шыққаннан кейін Ирак та өзіне жоғары квота беруді талап ете бастаған.

Қазір Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Алжир, Қазақстан және Оман 2023 жылғы келісім бойынша қысқартылған мұнай көлемін нарыққа біртіндеп қайтарып жатыр.

Reuters есебінше, тамыздан бастап бұл елдерге тәулігіне тағы шамамен 379 мың баррель өндірісті қалпына келтіру қалады. Егер қазіргі қарқын сақталса, ОПЕК+ қыркүйектің аяғына қарай қалған шектеулерден толық бас тартуы мүмкін.