×
$
453.93
€
508.72
₽
5.35
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.93
€
508.72
₽
5.35

Ұлт байлығын бағамдайтын келісім: өз мұнайымыздан қайтсек көбірек пайда көреміз

Бүгін, 09:45
Ұлт байлығын бағамдайтын келісім: өз мұнайымыздан қайтсек көбірек пайда көреміз
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанның Теңіз кен орны бойынша келіссөздерде қатаң ұстанымға көшкені туралы ақпарат тарағалы бері жұрт арасында бұл қатаңдық халықаралық қатынастарда елдің өзіне кері әсер етіп жүрмей ме деген алаңдаушылық пайда болды. Ulysmedia.kz осы мәселе жөнінде саясаттанушылардың пікірін білді.

БҰЛ ЕЛ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК

Теңіз кен орнын игеру жөніндегі келісімшарт Тәуелсіз Қазақстанда жасалған алғашқы келісімдердің бірі еді. Ол кезде жас мемлекетке қаржы, технология, халықаралық сенім, өнім өткізетін нарықтар, білікті мамандар және әлемдік нарыққа саяси-экономикалық тұрғыдан кірігу қажет еді. Қазақстанның мұнай саласына инвестиция салу туралы ұсынысына алғашқылардың бірі болып үн қатқан америкалық Chevron корпорациясында мұның бәрі бар болатын.

Сондықтан бүгінде бұл жобаның маңыздылығы мен ел тағдырына ықпал еткен тарихи рөлін ешкім жоққа шығармайды. Тіпті президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тәуелсіздік жылдарында Chevron компаниясы Қазақстанға шамамен 55 млрд доллар инвестиция салғанын атап өткен еді. 2025 жылы «Теңізшевройл» (ТШО) 39 млн тонна мұнай өндіріп, Қазақстанға шамамен 10,6 млрд доллар көлемінде тікелей қаржылық төлем жасаған.

Алайда Қазақстан Халықтық демократия орталығының вице-президенті Виталий Колточниктің айтуынша, 1993 жылғы келісімшарт пен 2033 жылдан кейін жасалуы мүмкін жаңа келісім екі түрлі тарихи кезеңнің құжаты болмақ.

– 1993 жылы Қазақстан өз ресурстары есебінен капитал, технология және геосаяси тұрғыдан мойындалу мүмкіндігін едәуір дәрежеде сатып алды деуге болады. Ал 2033 жылы мәселе мүлде басқа сипаттағы әріптестік туралы болмақ. Ол кезде мемлекеттің өз алдына дербес ұстанымы, қалыптасқан институттары, білікті кадрлары, мұнай-газ саласын басқару тәжірибесі және орта держава деңгейіндегі келіссөз жүргізу әлеуеті болады, – дейді саясаттанушы.

Виталий Колточник. Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды.

Қоғамның өзі де өзгерді. Қазақстандықтар ұлттық байлықтың не екенін тереңірек түсіне бастады. Сондықтан стратегиялық ұлттық ресурсқа ондаған жыл бойы қол жеткізетін корпорацияның ел алдындағы жауапкершілігі салық төлеумен және келісімшарт талаптарын қағаз жүзінде орындаумен ғана шектелмеуге тиіс деп есептейді.

– ТШО ондаған жыл бойы Қазақстанға мұнай өндіруден басқа ештеңе берген жоқ деп айтуға болмайды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша компанияның сатып алуларындағы қазақстандық қамту үлесі 71 пайызға жетті. 1993 жылдан бері ТШО отандық тауарлар мен қызметтерді шамамен 52,3 млрд долларға сатып алған. Қазір компания қызметкерлерінің 96 пайызы – Қазақстан азаматтары, ал басшылық құрамындағы қазақстандықтардың үлесі шамамен 90 пайызды құрайды. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында сатып алудағы қазақстандық қамту үлесі 72 пайызға дейін өсті. Алайда алдағы уақытта еліміздің стратегиялық кен орындарын игеруге қатысатын корпорациялардан біз түбегейлі бір сұраққа жауап күтеміз: олар өз жұмысын аяқтап кеткеннен кейін Қазақстанда қандай өнеркәсіптік, кадрлық, технологиялық және әлеуметтік жүйе қалады? – дейді Колточник.

Оның айтуынша, Қазақстанның капитал тарту саясатында қазір айқын байқалатын үрдіс бар. Ел енді жай ғана инвестиция тартуды емес, капиталды ел ішінде орнықтыруды көздейді.

– Мүмкіндігінше жабдықтың өзін осында өндіру керек. Инженерлік құзыреттер де елде қалуға тиіс. Зерттеу орталықтары, цифрлық технологиялар, сервистік компаниялар, мұнай-химия өндірісі, газ өңдеу және маман даярлау бағыттары Теңіз төңірегінде ұлттық өнеркәсіптік экожүйе қалыптастыруы қажет. ТШО қазірдің өзінде цифрлық егіздер технологиясын, инженерлік жүйелерді біріктіруді және заманауи өндірістік технологияларды енгізіп жатыр. Ендігі қисынды қадам – Қазақстанды бұл технологиялар қолданылатын алаң ғана емес, уақыт өте келе олардың ортақ иесіне, әзірлеушісіне және тиісті құзыреттерді экспорттайтын елге айналдыру. Ірі жобалар бойынша келісімшарттар да осы бағытта өзгеруге тиіс, – дейді ол.

Теңіз – шарттарын қайта қарау мәселесі күн тәртібіне бірінші болып шыққан кен орны. Сондықтан оған деген назар ерекше болуы заңды.

«МЕЙДЖОРЛАР» ОҢАЙ ШАҒЫЛАТЫН ЖАҢҒАҚ ЕМЕС

Саяси шолушы Асқар Нұршаның пайымдауынша, алдағы бірнеше жыл Қазақстан үшін оңайға соқпауы мүмкін. Көп жыл бұрын жасалған келісімшарттарды қайта қарау кезінде түрлі ақпараттық арандатулар мен астарлы емеуріндерге тап болуымыз ықтимал.

– Қазір «мейджорлар» деп аталатын батыстың ірі корпорацияларының басым бөлігі ХХ ғасырда емес, тіпті XIX ғасырда құрылған. Сондықтан бұл компаниялардың әртүрлі мемлекеттермен қарым-қатынас тарихы өте бай. Кейде олардың тәжірибесі сол мемлекеттердің үкіметтерінен де асып түседі. Өйткені үкіметтер ауысып отырады, ал батыстық компаниялардың негізі қаланған кезден қалыптасқан белгілі бір бизнес жүргізу дәстүрлері сақталып қалады, – деп еске салады ол.

Асқар Нұрша. Сурет: valdaiclub.com.

Соған қарамастан Қазақстан келісімдерді сақтаудың маңызын да, шетелдік әріптестердің мұнай саласының қалыптасуына қосқан үлесін де түсінеді. Сол себепті ел кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару жолына түскен жоқ және мұнай өнеркәсібінің дамуына шетелдік серіктестердің қосқан елеулі үлесін жоққа шығармайды.

– Кез келген келісімнің мерзімі аяқталуға жақындағанда оны қайта талқылау басталады. Сондықтан қазір естіп жүрген және әлі де еститін мәлімдемелердің көбі келіссөздің аралық нәтижесі ғана деп ойлаймын. Әр тарап алдымен өз ұстанымын жариялайды, содан кейін барып нақты саудаласу кезеңі басталады, – дейді ол.

Еске салайық, бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Теңіз кен орнындағы үлесін 35 пайызға дейін ұлғайтып, біржолғы 10 млрд доллар төлем алғысы келетіні туралы ақпарат тараған еді. Мұнай саласының сарапшылары Қазақстанның шын мәніндегі талаптары бұдан да жоғары болуы мүмкін деп есептейді. Олардың пайымдауынша, белгілі бір тараптың дәл осы сандарды жариялауға мүдделі болуы да ықтимал.

Жақында АҚШ Мемлекеттік департаменті Қазақстандағы инвестициялық ахуал туралы есеп жариялады. Құжатта шетелдік кәсіпкерлердің еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа алаңдайтыны, мемлекеттің экономикаға араласуы күшейіп, бюрократиялық кедергілер көбейгені және экономиканы мемлекет меншігіне қайтару үрдісі үдей түскені айтылған.

Есепте тағы бір жайт жеке аталып, қосымша ескерту ретінде көрсетілген: 2025 жылдың соңында Қазақстан Ұлттық қорының қаражатының шамамен 45 пайызы америкалық бағалы қағаздарға салынған.

КТК-ҒА ҚАУІП ЖОҚ, АЛ КӨПВЕКТОРЛЫ САЯСАТЫМЫЗҒА ШЕ?

Ulysmedia.kz-ке пікір білдірген мұнай нарығының сарапшылары Теңіз бойынша негізгі әріптестеріміз – америкалық Chevron мен ExxonMobil компанияларымен ортақ мәмілеге келе алмасақ, Қазақстанның геосаяси тәуекелдері күшеюі мүмкін екенін айтқан еді. Атап айтқанда, Қытай мен Ресейге тәуелділік артып, Каспий құбыр консорциумының (КҚК) жұмысына қатысты қиындықтар туындауы ықтимал.

Бұл мәселе Қазақстан үшін аса маңызды. 2025 жылы еліміз 78,7 млн тонна мұнай экспорттады. Оның 64,8 млн тоннасы КҚК жүйесі арқылы тасымалданды. Демек, Қазақстанның мұнай экспортының басым бөлігі осы бағытқа тәуелді.

Баламалы Баку – Тбилиси – Жейхан бағыты арқылы әзірге жылына шамамен 1,2 млн тонна мұнай тасымалданады. Оның өткізу мүмкіндігін жылына шамамен 2,2 млн тоннаға дейін арттыруға болады. Сондықтан таяу болашақта КҚК-ны толық алмастыратын басқа бағыт жоқ.

Алайда Асқар Нұрша Теңіз бойынша келісімді қайта қарау салдарынан КҚК жұмысына кедергі келу қаупі өте төмен деп санайды.

– Бизнес үшін ең бастысы – табыс табу және пайданы барынша арттыру. Кәсіпкерлер геосаяси ойындарға араласуды үнемі құп көре бермейді. Бизнес тұрғысынан алғанда, Ресей арқылы өтетін бағыт ең тиімді болды. Мұнай Каспий теңізін айналып өтіп, Новороссийск портына жеткізіледі. Мұнда тек қазақстандық бизнестің ғана емес, Ресей мен АҚШ компанияларының да мүддесі бар, – дейді ол.

Саясаттанушылардың пікірінше, Қазақстан Теңіздегі үлесін ұлғайтқан күннің өзінде америкалық компаниялар елімізден кетпейді. Демек, оларға КҚК бағыты бұрынғыдай қажет болады.

Геосаяси тәуекелдерге қатысты да осыған ұқсас жағдай қалыптасқан. Асқар Нұрша атап өткендей, Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы аса үлкен емес. Екі елдің берік әріптестігінің негізгі тірегі мұнай саласы болды. Бұған қоса, Вашингтонның Ауғанстанға қатысты мүддесі де бар.

– Отыз жыл бұрын америкалық компаниялардың Қазақстанның мұнай нарығына келуі еліміздің маңызды геосаяси жетістіктерінің бірі болды. Америкалық компаниялардың өз инвестицияларын сақтап, мұнай өндіруді жалғастыруға мүдделі болуы АҚШ үкіметінің Қазақстанды қолдауына, соның ішінде еліміздің тәуелсіздігін қолдауына негіз қалады. Өйткені мұнай жөніндегі келісімдердің сақталатынына белгілі бір кепілдік болды, – деп еске алады сарапшы.

Алайда заман өзгерді.

– Қазір Орталық Азия халқының көбеюін және басқа да бірқатар факторды ескерсек, АҚШ пен өзге мемлекеттердің Қазақстанға деген қызығушылығы артты. Жақында жер қойнауын пайдалану, өнеркәсіп, тіпті ауыл шаруашылығы салаларында бірнеше ірі келісім жасалғанын еске түсіріңіз. Қарапайым тілмен айтқанда, енді Қазақстан Теңізбен ғана шектелмейді. АҚШ үшін елімізде саяси тұрақтылықты қажет ететін басқа да маңызды жобалар пайда болды, – дейді Асқар Нұрша.

Виталий Колточник те осы пікірмен келіседі. Сонымен қатар ол тағы бір маңызды жайтқа назар аударды: Қазақстан америкалық компанияларды Теңізден «қуып шығуды» көздеп отырған жоқ.

– Америкалық инвестициялар әлемдегі жетекші күш орталықтарының арасында маневр жасау мүмкіндігімізді кеңейтеді. Қытай Қазақстанның аса маңызды экономикалық әріптесі болып қала береді. Ресей – негізгі көршіміз әрі өңірдің энергетикалық инфрақұрылымына қатысушы ел. Еуропа – орасан зор нарық. Ал АҚШ Қазақстанға қосымша саяси-экономикалық тірек болып, капиталға, технологияларға және жаһандық корпорацияларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Әрқайсысының өз орны бар. Егемендігімізді көрсету үшін америкалық әріптестерден бас тарту ақылға қонымсыз болар еді. Нағыз егемендік дегеніміз – барлық негізгі әріптестермен байланысты сақтай отырып, өз ресурстарымызға қол жеткізудің шарттары мен құнын өзіміз айқындай алу, – дейді ол.

ӨЗ ҚОРЫМЫЗДЫ ӨЗІМІЗ БАРЛАУЫМЫЗ КЕРЕК

Саясаттанушы, Құрылтай депутаты Марат Шибұтовтан Қазақстанның Теңіз бойынша келіссөздерді ел үшін барынша тиімді шарттармен аяқтау мүмкіндігін бағалауды сұрадық.

– ТШО өз кезінде өте тиімді шарттарға қол жеткізгенін атап өткен жөн. Акционерлер осы жылдар ішінде қомақты пайда тапты, өйткені Теңіз табысты актив болды. Бұл кен орны проблемалы немесе пайда әкелмейтін актив болды деп айта алмаймыз, – дейді ол.

Марат Шибұтов. Сурет: gov.kz.

Алайда 1990 жылдары Қазақстанда мұндай кен орындарын игеру тәжірибесі шынымен де болмаған. Қазір жағдай өзгерді. Саясаттанушының пікірінше, елімізде қажетті тәжірибе де, мамандар да бар.

– Қазір Қазақстанда осындай кен орнын игеріп, оған қызмет көрсете алатын қазақстандық мамандардың үлкен қоры қалыптасты. Бұрын мұндай жоғары қысымы бар және күкіртсутек мөлшері көп кен орнын пайдалану тәжірибеміз болмаған. Демек, қажет болған жағдайда кен орнын өзіміз де игеріп, одан түсетін пайданы көбірек ала аламыз. Бірақ серіктестеріміздің ұстанымы да түсінікті. Олар өздері қомақты қаржы салған активтерді әрі қарай да пайдаланып, игеруді жалғастырғысы келеді. Олардың қолында тәжірибе, өндірісті одан әрі кеңейту қажет болған жағдайда мол ресурстарға қол жеткізу мүмкіндігі, озық технологиялар, АҚШ-тың қолдауы, Еуропа нарықтарына жолға қойылған жеткізу жүйесі және кен орнының геологиялық құрылымы туралы білім бар, – деп тараптардың бастапқы мүмкіндіктерін қысқаша сипаттады Шибұтов.

Сонымен бірге Қазақстанның бір осал тұсы бар.

– Біз 2033 жылдан кейін мұнай бағасы қандай болатынын білмейміз. Сондай-ақ қосымша геологиялық барлау жүргізілсе, Теңіз бен Королев кен орындарында қанша қор қалуы мүмкін екенін де нақты бағалай алмаймыз. Теңіз – келісімшарты қайта қаралатын алғашқы кен орны. Меніңше, Қазақстанның мұндай келіссөздердегі ұстанымын нығайту үшін әр кен орнының қоры туралы көбірек білуіміз керек. Жер қойнауын пайдаланушы ұсынған мәліметтерге ғана сеніп қоймай, өзіміз де бағалау жүргізіп, зерттеу жұмыстарын атқаруымыз қажет. Карта ойынындағыдай, қарсыластың қолындағы карталарды білген әрдайым тиімді, – дейді ол.

Марат Шибұтов барлық жағдайды ескере отырып, кен орындарына қатысты келіссөздер ұзаққа созылғанымен, сындарлы сипатта өтеді деп есептейді. Оның пікірінше, тараптар бір-бірінің күшті және әлсіз жақтарын жақсы біледі. Ең бастысы, екі жақ та келісімге келуге мүдделі.

Бұл жолы Қазақстан келіссөздерге отыз жыл бұрынғыдан әлдеқайда байыпты әрі тәжірибелі түрде кірісіп отыр.

ӨЗГЕ ЕЛДЕР ТӘЖІРИБЕСІ

Айта кету керек, трансұлттық корпорациялармен бұрын жасалған келісімдердің шарттарын уақыт өте келе жақсартуға ұмтылып отырған Қазақстан ғана емес. Бұған Әбу-Дабидің тәжірибесі айқын мысал бола алады.

Құрлықтағы ірі мұнай концессиясының шарттары қайта қаралғаннан кейін ADNOC компаниясының үлесі 60 пайыз болып сақталды, ал шетелдік серіктестердің жиынтық үлесі 40 пайызды құрады. Оның үстіне, ұзақ мерзімді концессияға қатысу құқығын алу үшін шетелдік компаниялар қомақты бонус төледі. Мәселен, CNPC компаниясы 8 пайыздық үлес үшін шамамен 1,77 млрд доллар, ал CEFC 4 пайыздық үлес үшін шамамен 888 млн доллар берді. Бір қызығы, олардың ешқайсысы келісімнен бас тартқан жоқ. Өйткені ірі мұнай компаниялары қаржылық есеп-қисапты жақсы біледі.

Алжирде де осыған ұқсас жағдай қалыптасты. 2005 жылы ел шетелдік инвесторлар үшін салыстырмалы түрде қолайлы заңнама қабылдады. Алайда 2006 жылы билік бұл ұстанымын қайта қарады. Мемлекеттік Sonatrach мұнай-газ компаниясына жаңа барлау және өндіру жобаларында кемінде 51 пайыздық міндетті үлеске ие болу құқығы қайтарылды. Сонымен қатар шетелдік компанияларға мұнай бағасының деңгейіне қарай 5 пайыздан 50 пайызға дейінгі мөлшерде алынуы мүмкін үстеме пайда салығы енгізілді.

Дегенмен Қазақстан үшін ең маңызды мысал – көршілес Әзербайжанның тәжірибесі.

1994 жылы бұл ел халықаралық консорциуммен Әзери – Чираг – Гюнешли кен орындарын игеру жөнінде «Ғасыр келісімшарты» деп аталған келісім жасады. Бастапқы шарттар бойынша Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік мұнай компаниясының (SOCAR) жобаға қатысу үлесі 20 пайыз болды. Кейін бұл үлес одан әрі қысқарды.

Алайда жиырма жылдан сәл астам уақыт өткен соң Баку келісімшарт мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту жөнінде жаңа шарттармен уағдаласты. Соның нәтижесінде Әзербайжанның кен орнындағы үлесі 25 пайызға дейін өсті. Ал пайданы бөлісу кезінде ел өзіне табысты мұнайдың 75 пайызын алатын болды.

Бұдан бөлек, шетелдік серіктестер Әзербайжан үкіметіне 3,6 млрд доллар көлемінде бонус төлеуге міндеттенді. Келісім бойынша ілеспе газ да Әзербайжанның иелігінде қалуға тиіс болды.