×
472.03
540.29
6.11
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
472.03
540.29
6.11

ОПЕК+ тамыздан бастап мұнай өндірісін арттырады: нарықтағы баға қалай өзгеріп жатыр?

Бүгін, 12:28
ОПЕК+ тамыздан бастап мұнай өндірісін арттырады: нарықтағы баға қалай өзгеріп жатыр?
Ulysmedia.kz коллажы

6 шілдеде әлемдік нарықта мұнай бағасы сәл төмендеді. Бұған ОПЕК+ елдерінің тамыздан бастап өндірісті арттыру туралы шешімі әсер етті. Нарыққа Ормуз бұғазы арқылы мұнай экспортының біртіндеп қалпына келуі де қосымша қысым түсіріп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Таңертең Brent маркалы мұнай бағасы 0,47 пайызға төмендеп, барреліне 71,78 доллар болды. Ал америкалық WTI мұнайы 0,29 пайызға арзандап, барреліне 68,49 доллардан саудаланды.

Инвесторлар жағдайдың қалай өрбитінін күтіп отыр

Reuters мәліметінше, өткен аптада мұнай бағасы айтарлықтай өзгермеген. Бұған дейін бірнеше апта қатарынан баға төмендеген еді.

Нарық қатысушылары АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерді, сондай-ақ, Парсы шығанағы елдерінен мұнай жеткізу қалай қалпына келіп жатқанын бақылап отыр.

– АҚШ-тағы ұзақ демалыстан кейін трейдерлер әліптің артын бағып отыр. Олар осы аптада АҚШ пен Иран арасындағы жағдай тұрақтала ма, әлде қайта шиеленісе ме – соны күтіп отыр, – деді KCM Trade компаниясының бас нарық сарапшысы Тим Уотерер.

ОПЕК+ мұнай өндірісін арттырады

Бұған дейін ОПЕК+ елдері тамыздан бастап мұнай өндіру көлемін тәулігіне тағы 188 мың баррельге көбейту туралы шешім қабылдаған.

Бұл – маусым және шілдеге қатысты осындай шешімдерден кейінгі қатарынан үшінші өсім.

Экспорт біртіндеп қалпына келіп жатыр

Қақтығыс аяқталғаннан кейін Парсы шығанағы елдері мұнай өндіру мен экспорт көлемін біртіндеп арттыра бастады.

Reuters дерегінше, маусымда ОПЕК елдерінің мұнай өндірісі тәулігіне 3,3 миллион баррельге өсіп, 19,43 миллион баррельге жеткен. Бұл кейінгі 20 жылдан астам уақыттағы ең төмен көрсеткіштен кейінгі елеулі өсім болды.

Парсы шығанағы елдерінен мұнай экспорты да тәулігіне 3 миллион баррельден астамға ұлғайып, 10 миллион баррельден асты. Дегенмен жеткізілім көлемі әлі де соғысқа дейінгі деңгейден шамамен 40 пайызға төмен.

Сонымен қатар, маусымда Ресейдің батыс порттарынан мұнай экспорты рекорд деңгейге жетті. Сала дереккөздерінің мәліметінше, шілдеде де бұл көлем сақталуы мүмкін. Өйткені Украина дрондарының мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылдарынан кейін Ресей шикі мұнай экспортын көбейткен.