24 қарашада Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын тәуліктік өндіру көлемі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) Қара теңіздегі терминалында мұнай жөнелту жұмыстарының бұзылуына байланысты 17% төмендеді. Ең үлкен құлдырау елдегі ең ірі мұнай кен орны Теңізде тіркелді. Онда мұнай өндіру көлемі 41% қысқарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Бұл күні Қазақстанда 1,74 миллион баррель немесе 231 мың тонна мұнай мен газ конденсаты өндірілді. Ал қарашаның алғашқы 24 күніндегі орташа тәуліктік көрсеткіш 2,1 миллион баррельге (279 мың тонна) жеткен. Бұл туралы жедел статистикамен таныс дереккөзге сілтеме жасаған Reuters агенттігі жазды.
Осылайша, бір тәулікте Қазақстан шамамен 48 мың тонна мұнайды кем өндірген.
Теңіз кен орнын игеретін «Теңізшевройл» компаниясы 24 қарашада 522 мың баррель мұнай өндірді. Ал қарашаның алғашқы 24 күніндегі орташа тәуліктік көрсеткіш 879,5 мың баррель болған.
Алайда қараша айындағы мұнай өндіру көлемі бұған дейін де қазан айындағы көрсеткіштен төмен болған. Дереккөздің бағалауынша, қарашаның алғашқы 24 күніндегі орташа тәуліктік өндіріс қазанмен салыстырғанда 5% азайған. Қазанда Қазақстан 8,56 миллион тонна мұнай өндірген. Бұл тәулігіне шамамен 2,08 миллион баррельге тең.
Терминал маңындағы дауыл
Reuters агенттігінің тағы үш дереккөзі өндіріс көлемінің төмендеуін Новороссийск маңындағы КҚК теңіз терминалында мұнай жөнелтудің тұрақсыздығымен байланыстырған. Дауыл салдарынан танкерлерге мұнай тиеу жұмыстары қалыпты жүрмеген.
Каспий құбыр консорциумы Қазақстан мұнайын Қара теңізге жеткізеді. Одан әрі мұнай танкерлер арқылы тасымалданады. Қазақстанның мұнай экспортының 80%-дан астамы осы құбыр жүйесі арқылы өтеді. Негізгі көлемі Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарынан жөнелтіледі.
Бұл кен орындарының ірі акционерлерінде мұндай көлемдегі мұнайды тасымалдауға мүмкіндік беретін балама бағыттар жоқтың қасы. Сондықтан КҚК нысандарына жасалған дрон шабуылдары, қолайсыз ауа райы мен жөндеу жұмыстары мұнай өндіру көлеміне қайта-қайта кері әсер етеді.
«Теңізшевройл» мен КҚК өз жұмыстарына қатысты толық ақпарат бермеген. Энергетика министрлігі агенттік сауалына жедел жауап бермеген.
КҚК-дағы шектеулерге байланысты Қазақстан 2026 жылға арналған мұнай өндіру жоспарын 98 миллион тоннадан 96 миллион тоннаға дейін төмендеткен.
Контекст
Еске салайық, шілде айында КҚК терминалы маңындағы танкерлерге жасалған дрон шабуылдарынан кейін Қазақстанда мұнай өндіру көлемі күрт төмендеген еді. 22 шілдеде тәуліктік көрсеткіш 1,63 миллион баррельге дейін түсіп, Теңіз кен орнындағы өндіріс екі еседен астам қысқарған.
Бұған дейін Халықаралық валюта қоры 2026 жылғы қиындықтардың салдары келесі жылы да сезілетінін ескерткен. Қор 2027 жылға арналған болжамында мұнай өндіру көлемін ықтимал 100 миллион тоннаның орнына 96 миллион тонна деңгейінде белгілеген.
Қордың бағалауынша, КҚК-дағы жаңа кедергілер салық түсімдерінің азаюына және бюджет тапшылығының ұлғаюына әкелуі мүмкін.