Ұлытау облысының Жаңаарқа аудандық сотында «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Жомарт» кенішінде жеті кеншінің қаза табуына байланысты қылмыстық іс қарала бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АЙЫПТАЛУШЫЛАР КІНӘСІН МОЙЫНДАМАДЫ
Сот алдына кәсіпорынның үш қызметкері – Нұрым Жаналин, Ғалым Жанали және Елдос Момбаев тартылды. Оларға тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырды деген айып тағылған.
Алайда үш айыпталушы да өз кінәсін мойындамай отыр.
Қаза тапқан кеншілердің туыстары тергеу жан-жақты жүргізілмеді деп есептеп, қайғылы оқиғаға қатысы бар барлық жауапты тұлғалардың жауапқа тартылуын талап етуде.
– Апаттан кейін үкіметтік комиссия қауіпсіздік талаптарының бұзылуына түрлі деңгейде 24 лауазымды тұлғаның қатысы болған деген қорытынды шығарды. Соған қарамастан, тергеу тек кәсіпорынның үш қызметкеріне ғана айып тақты, – деп жазады өңірлік Patriot паблигі.
КОНТЕКСТ
2025 жылғы 17 ақпанда «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Жомарт» кенішінде тау жынысы опырылып, үйінді астында жеті кенші қаза тапты.
Оқиғадан кейін Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен үкіметтік комиссия құрылды.
Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев апаттың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылуынан болғанын айтып, шахталар мен кеніштердегі қауіпсіздікке бақылауды күшейтуді тапсырды.
Қайғылы оқиға компанияның бұрынғы меншік иелері кезеңінде болған. Ал 2025 жылдың соңында «Қазақмыс» компаниясының меншік иесі ауысып, активтер кәсіпкер Нұрлан Артықбаевтың бақылауына өтті. Ол компанияны Владимир Ким мен Эдуард Огайдан сатып алған. Осыдан кейін кәсіпорында активтерді қайта құрылымдау басталып, өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін жаңғырту қолға алынды.