Конституциялық сот мәлімдеме жасап, президентті қоса алғанда бірқатар лауазымды тұлғаларды тағайындау және сайлау санына қатысты нормаларды қолдану тәртібін түсіндірді.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Конституциялық сот 2026 жылғы 15 наурыздағы Президенттің Конституцияның 43-бабының 1-тармағы, 72-бабының 2 және 3-тармақтары, 83-бабының 1-тармағы және 84-бабының 3-тармағы ережелеріне ресми түсіндірме беру туралы өтінішін қарады.
Өтініште мынадай мәселе көтерілді: 1995 жылғы 30 тамыздағы Конституцияға сәйкес қызмет атқарып жүрген тұлғалар жаңа Конституцияда көрсетілген тиісті лауазымдарға сайлана немесе тағайындала ала ма?
Сот түсіндірмесіне сәйкес, аталған нормалардағы шектеулер тек қолданыстағы Конституция мен соған сәйкес қабылданған нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген тәртіппен осы лауазымға бұған дейін сайлану немесе тағайындалу фактісіне байланысты қолданылады.
Конституциялық сот қазіргі Конституцияда тиісті лауазымдарда болған мерзімдерді, сондай-ақ 1995 жылғы Негізгі заң күшінде болған кезеңдегі сайлану немесе тағайындалу фактілерін есепке алу туралы ережелер қарастырылмағанын атап өтті.
Демек, 1995 жылғы Конституция қолданыста болған кезеңде аталған лауазымдардың бірінде болуы 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін сол қызметке қайта сайлануға немесе тағайындалуға конституциялық-құқықтық кедергі болмайды.
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ НЕ ДЕДІ?
Егер адам 1995 жылғы Конституция бойынша президент қызметін атқарған болса, бұл факт 2026 жылғы жаңа Конституция бойынша президенттікке сайлануына кедергі болып саналмайды.
Соттың логикасы бойынша, жаңа Конституциядағы шектеулер оны қолданысқа енгізген сәттен бастап, яғни 2026 жылғы 1 шілдеден бастап есептеле бастайды.
Ал бұрынғы Конституция бойынша атқарылған мерзімдер мен тағайындаулар бұл есепке кірмейді.
Өтінішті қарау қорытындысы бойынша Конституциялық сот ресми түсіндірме берді: 1995 жылғы Конституцияға сәйкес аталған лауазымдарды атқарып жүрген тұлғалар 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметтерге қайта сайлана немесе тағайындала алады.
Белгіленген шектеулерді қолдану кезінде мұндай тұлғалардың 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейінгі сайлануы немесе тағайындалуы алғашқы сайлану немесе алғашқы тағайындалу ретінде есептеледі.