×
467.98
533.87
6.11
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
467.98
533.87
6.11

Орталық Азиядағы ТОП- 10 IT компания: Мамандар қайда жұмыс істегісі келеді?

Бүгін, 12:46
Орталық Азиядағы ТОП- 10 IT компания: Мамандар қайда жұмыс істегісі келеді?
ашық дереккөзден

Орталық Азияның IT нарығы қарқынды дамып келеді. Бүгінде өңірде жергілікті финтех компанияларынан бастап, әлемдік нарықта танылған жасанды интеллект стартаптарына дейін мыңдаған жоғары білікті маманды жұмыспен қамтып отырған ірі технологиялық компаниялар бар.

the-tech.kz  өңірдің технологиялық экожүйесін қалыптастырып отырған және IT саласында өсуді ойлайтын мамандар үшін тартымды саналатын 10 компанияға шолуын ұсынды.

Docrobot Central Asia

Қазақстандық Docrobot Central Asia компаниясы Орталық Азиядағы электронды құжат айналымына арналған бұлтты сервистерді әзірлейді. Компания 20 жылдан астам уақыт бойы бөлшек сауда, логистика және өндіріс салаларындағы кәсіпорындардың құжат алмасу процесін цифрландырумен айналысып келеді.

Higgsfield AI

Higgsfield AI – қазақстандық мамандар құрған халықаралық жасанды интеллект стартапы. Компания сурет пен видеоны өңдеуге арналған генеративті AI модельдерін әзірлейді.

Бүгінде оның технологиялары әлемнің түрлі елдеріндегі контент жасаушылар арасында қолданылады. Команда құрамында машинаға оқыту инженерлері, компьютерлік көру саласының мамандары мен зерттеушілер жұмыс істейді.

QazCode

QazCode – Beeline Kazakhstan экожүйесіне кіретін қазақстандық IT-компания.

Компания телекоммуникация саласына арналған цифрлық өнімдерді, бұлтты платформаларды, Big Data, жасанды интеллект және машиналық оқыту негізіндегі шешімдерді әзірлейді. Мұнда DevOps мәдениеті мен заманауи бағдарламалау тәсілдеріне басымдық беріледі.

zypl.ai

Тәжікстанда құрылған zypl.ai жасанды интеллект компаниясы банк секторына арналған технологиялық шешімдер әзірлейді.

Компания несие скорингі, тәуекелдерді бағалау, алаяқтықтың алдын алу және деректерді талдау бағытында жұмыс істейді. Оның өнімдері бірнеше елдің банктерінде қолданылып келеді.

Kaspi.kz

Kaspi.kz – Қазақстандағы ең ірі технологиялық компаниялардың бірі әрі Орталық Азиядағы жетекші FinTech және e-commerce ойыншысы.

Компанияның құрамында 9 мыңнан астам қызметкер бар. Kaspi мобильді қосымшасы, төлем сервистері, маркетплейс және басқа да жоғары жүктемемен жұмыс істейтін цифрлық платформаларды дамытып келеді. Компания қызметкерлердің кәсіби өсуі мен оқытуына тұрақты инвестиция салады.

Click

Өзбекстандағы жетекші финтех-компания Click 2011 жылы стартап ретінде құрылған. Қазір ол елдегі алғашқы төлем ұйымдарының бірі саналады.

Компанияның Click SuperApp платформасын 20 миллионнан астам адам пайдаланады. Сонымен қатар Click IT, Data Science, киберқауіпсіздік және өнімдерді басқару бағыттары бойынша тағылымдамалар ұйымдастырып, жас мамандарды даярлауға көңіл бөледі.

Ayan Capital

Ayan Capital – исламдық қаржыландыру қағидаттарына негізделген халықаралық FinTech компаниясы.

Компания автокөлік сатып алуды қаржыландыру, бизнеске инвестиция тарту және басқа да цифрлық қаржы өнімдерін әзірлейді. Қазіргі таңда Ұлыбритания мен Орталық Азия нарығында қызметін кеңейтіп жатыр.

Air Astana

Қазақстанның ұлттық әуе тасымалдаушысы Air Astana соңғы жылдары өзінің цифрлық экожүйесін белсенді дамытып келеді.

Компания билет брондау, мобильді сервистер, адалдық бағдарламалары, деректерді талдау және ішкі бизнес-процестерді автоматтандыру бағытындағы IT өнімдерді әзірлейді. Бұл жобаларға бағдарламашылар, деректер сарапшылары мен киберқауіпсіздік мамандары тартылған.

mBank

mBank – Қырғызстандағы ең ірі цифрлық банктердің бірі.

Банк мобильді банкинг пен цифрлық төлем жүйелерін дамытуға инвестиция салып келеді. Сонымен қатар компания өз IT-мектептері мен буткемптерін ұйымдастырып, үздік түлектерге тағылымдамадан өтуге және жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.

TBC

TBC – Өзбекстандағы алғашқы цифрлық банк және халықаралық TBC Group құрамына кіреді.

TBC Uzbekistan экожүйесіне банкпен қатар Payme, TBC Nasiya, BILLZ және TBC Sug'urta сервистері кіреді. Қазір бұл платформаларды 22 миллионнан астам адам пайдаланады. Компанияда 25-тен астам елден келген 4 мыңнан аса маман еңбек етеді. Негізгі кеңселері Ташкентте, Тбилисиде және Алматыда орналасқан.