×
467.98
533.87
6.11
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
467.98
533.87
6.11

Қазақстандықтар енді жұмыс орнында дауыс бере алады

Бүгін, 14:20
Қазақстандықтар енді жұмыс орнында дауыс бере алады
Gov.kz

Қазақстанда вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлер мен үздіксіз өндіріс орындарының жұмысшылары енді жұмыс орнында дауыс бере алады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы жанындағы Сараптамалық кеңестің VI отырысында айтылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілованың айтуынша, жаңартылған сайлау заңнамасына сәйкес, мұндай азаматтар үшін тікелей жұмыс орындарында сайлау учаскелерін ашуға мүмкіндік беретін жаңа норма енгізілді.

ДӘЙЕКСӨЗ

– Заңнамадағы ең маңызды жаңашылдықтардың бірі – вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлерге, сондай-ақ үздіксіз жұмыс істейтін өндірістері бар ұйымдардың жұмыскерлеріне арналған сайлау учаскелерін құру мүмкіндігінің енгізілуі. Бұл түзетудің практикалық маңызы зор. Бүгінде дауыс беру күні мыңдаған азамат кен орындарында, өндірістік кәсіпорындарда және басқа да шалғай орналасқан нысандарда еңбек етеді. Мұндай жағдайларда өндірістік процеске зиян келтірмей жұмыс орнын тастап кету мүмкін емес. Соның салдарынан олардың сайлауға қатысуға қатысты конституциялық құқығын іске асыру объективті түрде қиынға соғатын. Заңның жаңа ережелері осындай азаматтардың жұмыс орындарында тікелей сайлау учаскелерін құруға мүмкіндік береді. Осылайша, сайлауға қатысудағы ұйымдастырушылық кедергілерді жойылып, еңбек жағдайына қарамастан әрбір азаматтың сайлау құқықтарын тең дәрежеде жүзеге асыруына жағдай жасалады, – деді ол.

Сараптамалық кеңесте Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауын ұйымдастыру барысында қолданылатын жаңа заңнамалық тетіктер де талқыланды. Олардың қатарында сайлау алдындағы үгітті құқықтық реттеу, азаматтардың сайлау құқықтарын кеңейту және сайлауды қаржыландырудың ашықтығын арттыру мәселелері бар.

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны 1 шілдеде басталғанын еске салып, комиссияның басты міндеті сайлау процесін сапалы әрі уақытылы ұйымдастыру екенін айтты.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін Орталық сайлау комиссиясына Құрылтай сайлауына байланысты қоғамдық пікірге сауал жүргізу және exit poll өткізу туралы 5 заңды тұлғадан хабарлама келіп түскенін хабарлаған еді.