2026 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге 233 мыңға жуық талапкер қатысты. Оның қорытындысы бойынша 177 мыңға жуық талапкер шекті балл жинап, бұл - қатысушылардың 76%-ы. Демек, шамамен 56 мың талапкер немесе әрбір төртінші тестіленуші шекті баллға қол жеткізе алмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Биыл талапкерлерге ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жоғары нәтижемен грант конкурсына қатысу мүмкіндігі берілді. Соның нәтижесінде 233 мың талапкер тестілеуді жалпы 422 мың рет тапсырды.
Бес пән бойынша ҰБТ-ның орташа көрсеткіші 69 балл болды. Ең жоғары 140 балды Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир мен Қызылорда облысының түлегі Балхан Альфия (ҚАЗТЕСТ конвертациясы арқылы) жинады. Сонымен қатар 821 талапкер 130 балдан жоғары нәтиже көрсетті.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 800 талапкерге де тестілеуге қолайлы жағдай жасалып, олар ҰБТ-ға қатысты.
ЕРЕЖЕ БҰЗҒАНДАР
ҰБТ барысында 890 ереже бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 522 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кіруге әрекеттенгені үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Ал тестілеу кезінде тәртіп бұзған 361 адамның нәтижесі жойылды. Бейнежазбаларды тексеру барысында тағы 7 талапкердің нәтижесі күшін жойды.
ҰБТ аяқталғанымен, бейнежазбаларды талдау жұмыстары 2026 жылғы 31 қазанға дейін жалғасады. Егер осы кезеңде ереже бұзу фактілері анықталса, талапкерлердің тест нәтижелері де жойылады.