×
464.71
531.26
6.05
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
464.71
531.26
6.05

«Тартып алмай ма?»: Айбек Барыс шетелден неге үй алмайтынын түсіндірді

Бүгін, 16:55
«Тартып алмай ма?»: Айбек Барыс шетелден неге үй алмайтынын түсіндірді
Ulysmedia.kz коллажы

"Әділет" партиясына кірген белгілі кәсіпкер, Kazakhstan Paramount Engineering компаниясының негізін қалаушы Айбек Барыс Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатында алдағы жоспарларын бөлісті.

ШЕТЕЛДЕГІ ҮЙЛЕР, ЯХТА МЕН ҰШАҚТАР

Кәсіпкердің айтуынша, ол “Әділет” партиясының қатарына қосылғанымен, депутат болуды көздемейтінін айтты.

– Кәсіби саясаткер болу – оңай іс емес, үлкен еңбек. Ірі кәсіп пен саясатты қатар алып жүру де оңай емес. Менде қазір 6-7 ірі жоба бар. Оның бәрін бітіру  керек. Әр адам өзіне берілген қарым-қабілетті пайдаланып, қоғамға пайда әкелуі керек деп есептеймін. Кәсіби саясаткер саясатымен айналыссын. Ал біз өнеркәсіппен айналысып, үлкен нәтижелерге жетіп жатырмыз.  Сол себепті әзірге бизнесте қалып отырмыз, – деді ол.

Айбек Барыс жобаларын мәресіне жеткізіп, 10 мыңдай тұрақты жұмыс орнын құруды мақсат етіп отырғанын жеткізді.  Оның сөзінше, бұл мақсат ақшаны көбейтуге, байи түсуге бағытталмаған.

– Қанша байысаң да, өз жұмсайтыныңнан артығын қайда жібересің? Екі немесе бес Айбек жоқ. Он үйде қатар тұрып, үш көлікке бір уақытта мініп, бес адамның тамағын бірден жей алмайсың. Маған яхтаның, жеке ұшақтың қажеті жоқ, – дейді кәсіпкер.

Сондай-ақ, ол Қазақстаннан тыс жерде баспанасы жоғын айтты.

– Дубайда, Лондонда жалға алынған үйлер бар. Бірақ шетелде жекеменшік үйіміз жоқ. Дубайдан үй алғанша өз елімізде тағы бір зауыт салар едім.  Пәтерлеріміздің бәрі Қазақстанда. Жылжымайтын мүлікті принципті түрде тек өз елімізден аламын. Біздің ақшамыздың бәрі осы елде қалу керек. Менен кейбіреулер «тартып алады деп қорықпайсың ба?» деп сұрайды. Салығы төленген, бәрі таза. Кім тартып алады? Қазақстанда қазақтан әлденені тартып алу мүмкін емес болуы керек деп есептеймін. Қазақтың әр аймағы – менің жерім, менің үйім. Әр қазақ солай санауы керек, – дейді Айбек Барыс.

“БІР КҮНДЕ БАЙЫҒАНДАРДЫҢ ҰРПАҒЫНА ЖАНЫМ АШИДЫ”

Кәсіпкер ақша біреуге ризық, біреуге сынақ боп келетінін атап өтті.

– Адал жолмен таппағаның түптің түбінде желкеңнен шығады. Бір күнде байығандардың талайын көрдім. Желкесінен шығып жатқанда бала-шағасын аядым. Ұрпағына жаным ашиды, – деді ол.

Айта кетейік, бұдан бұрын Айбек Барыс Қазақстандағы инвестициялық ахуал күрт нашарлады деген пікірмен келіспейтінін айтты. Ол  әлемнің өзге елдерінде Қазақстандағыдай бизнеске мемлекеттік қолдау жоғын мәлімдеді.