Серік Шәпкенов Атырау облысының әкімі лауазымынан босатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Тиісті жарлыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
– Мемлекет басшысының Жарлығымен Серік Жамбылұлы Шәпкенов Атырау облысының әкімі лауазымынан босатылды, – деп хабарлады Ақорда.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін Тоқаевтың сынынан кейін екі облыста әкімдер ауысатынын жазғанбыз. 17 шілдеде Атырау облысы мен Ұлытау облысы мәслихаттарының депутаттары жаңа әкімдерді тағайындауға келісім беру үшін жиналатыны белгілі болған.
Атыраудағы отырыс сағат 9:30-да Абай атындағы Оқушылар орталығының ғимаратында өтеді. Ал Жезқазғанда депутаттар сағат 11:00-де жиналады.
Президент жарлығына сәйкес, облыс әкімдерін тағайындамас бұрын олардың кандидатуралары мәслихат депутаттарының келісімін алуға тиіс. Үміткерлердің аты-жөні әзірше жарияланған жоқ.
КОНТЕКСТ
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев бір айға жетер-жетпес уақыт бұрын төрт облыстың әкіміне, оның ішінде Серік Шәпкенов пен Дастан Рыспековке телефон арқылы сын айтқан еді.
Президент өңірлерді дамытудағы тәсілдерді сынға алып, облыс әкімдеріне экономиканы дамыту, әлеуметтік нысандар құрылысы, экология мәселелерімен белсенді айналысуды және тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беруді тапсырған еді.
СЕРІК ШӘПКЕНОВ КІМ?
Серік Шәпкенов 46 жаста. Ол Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауылында дүниеге келген. Мамандығы – экономист-математик.
Еңбек жолын жоғары оқу орнында оқытушы болып бастаған. Кейін мемлекеттік қызметке ауысып, облыстық қаржы және экономика басқармаларында жұмыс істеді. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары және бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.
Одан кейін Президент Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор болды, Атырау қаласының әкімі қызметін атқарды. 2021 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды.
Ал Атырау облысының әкімі қызметіне 2022 жылдың сәуір айында кірісті.