Алматының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімовтің ағасы Сейітжан Есімовтің холдингіне кіретін «ЖАН и КС» мұнай компаниясы бұрғылау қалдықтары үшін 3 млрд теңгеден астам экологиялық айыппұл төлеуге міндеттелді. Сот орындаушылары Атырау облысының бюджетіне 490 млн теңгеден астам қаражат аударып үлгерген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Заңбұзушылықты табиғат қорғау прокуратурасы анықтаған. Бұл туралы Атырау облысының прокуратурасы хабарлады.
Ұңғымаларды бұрғылау кезінде компания бұрғылау шламы мен пайдаланылған бұрғылау ерітіндісін заңсыз жинаған. Бұрғылау шламы – бұрғылау кезінде ұңғымадан жер бетіне шығарылатын ұсақталған тау жыныстары. Ал бұрғылау ерітіндісі бұрғылау қашауларын салқындату және тау жыныстарын жер бетіне шығару үшін ұңғымаға айдалады.
Пайдаланылғаннан кейін қалдықтардың екі түрінде де мұнай өнімдері мен химиялық заттар болуы мүмкін. Сондықтан оларды арнайы талаптарға сай кәдеге жарату қажет.
Компания Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабы 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл бап қоршаған ортаға антропогендік әсердің рұқсат етілген нормативтерін бұзғаны, яғни табиғатқа түсетін жүктеменің белгіленген шектен асқаны үшін жауапкершілікті көздейді.
Компания айыппұлға сот арқылы шағымдануға тырысқанымен, соттар оның арыздарын қанағаттандырмады. Осылайша, қаулы заңды күшіне енді. Қазір айыппұл мәжбүрлі түрде өндіріліп жатыр. Қалған шамамен 2,5 млрд теңге берешек прокуратураның бақылауында.
Компания кімге тиесілі?
«ЖАН и КС» ЖШС Атырау облысындағы «Прибрежное» кен орнында мұнай мен газ өндіреді. Компания жолдар мен гидротехникалық құрылыстар салумен, құрылыс материалдары мен пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатын Aytei Group холдингіне кіреді.
Холдингтің директорлар кеңесін Сейітжан Есімов басқарады. Ол Алматының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімовтің інісі. Ал Ахметжан Есімов – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені.
Ахметжан Есімов әр жылдары Алматы қаласының әкімі, ауыл шаруашылығы министрі, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысы және «Самұрық-Қазына» қоры басқармасының төрағасы қызметтерін атқарған.
Айыппұлдан түскен қаражат неге өңірде қалады?
Бұған дейін экологиялық айыппұлдар республикалық бюджетке аударылатын. Ал 2026 жылдан бастап жаңа Бюджет кодексіне сәйкес, мұндай төлемдер жергілікті бюджетке түседі. Сондықтан «ЖАН и КС» компаниясынан өндірілген қаражат Атырау облысының бюджетінде қалады.
Прокуратура бұл өзгеріс өңірдің әрбір тұрғынына қатысты екенін атап өтті.