Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Бородулиха филиалына қарасты Камышенка орманшылығы аумағында шыққан орман өрті ауыздықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Экология министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
МӘН-ЖАЙ
2026 жылғы 16 шілдеде басталған орман өрті 2026 жылы 18 шілде сағат 09:45-те ауыздықталды.
Ведомствоның мәліметінше, өртті сөндіру жұмыстарына Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты «Семей орманы» және «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваттарының қызметкерлері, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК, сондай-ақ Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және жергілікті атқарушы органдардың күштері жұмылдырылды.
– Жалпы өртті сөндіруге 769 адам, 191 бірлік жерүсті техникасы және 8 тікұшақ тартылды. Өртті сөндіру басталғаннан бері авиация арқылы 319 рет су төгіліп, өрт ошағына 709 тонна су жеткізілді, – деллінген хабарламада.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, орман өрті 16 шілде күні сағат 09:45 шамасында Бородулиха филиалының Камышенка орманшылығының 57-кварталында тіркелген болатын. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің авиациясы, сондай-ақ Қарулы күштердің Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшілері жұмылдырылды.
Өрт қаупіне байланысты «Семей орманы» маңындағы DosbolLike балалар лагерінен 190 бала мен 20 қызметкер қауіпсіз жерге эвакуацияланды.
Оқиғаға байланысты премьер-министр Олжас Бектенов төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевты Абай облысына жіберіп, өртті сөндіру жұмыстарын жеке үйлестіруді тапсырған еді. Сондай-ақ Үкімет басшысы жақын маңдағы елді мекендерді қорғау және тілсіз жаудың одан әрі таралуына жол бермеу шараларын күшейтуді міндеттеген болатын.