5–11 шілде аралығында Қазақстанда 43 орман өрті тіркелді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеді, деп жазады Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Тіркелген өрттердің тоғызы жергілікті атқарушы органдарға қарайтын орман шаруашылықтарында, ал тағы 34-і мемлекеттік орман қоры аумағында болған.
Өрт ошақтары әуеден де, жерден де анықталды
Өртті сөндіруге мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері, авиациялық өрт сөндіру қызметінің десантшылары, тікұшақтар және «Қазәуеорманқорғау» мекемесінің арнайы техникасы жұмылдырылған.
Өрт ошақтары әуеден патрульдеу, ерте анықтау жүйелері және жерүсті бақылауы кезінде анықталған.
Министрліктің мәліметінше, жедел әрекет етудің арқасында барлық өрт ошағы дер кезінде оқшауланып, толық сөндірілген.
Ақмола облысында өрт қаупі жоғары
Қазір Ақмола облысына ерекше назар аударылып отыр. Өңірде өрт қаупі әлі де жоғары деңгейде сақталған.
Өрт қаупі бар маусым басталғалы бері облыста 32 орман өрті тіркелген. Бұл былтырдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68,4 пайызға көп.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері орман маңындағы демалыс орындарында рейд жүргізіп, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіріп жатыр.
Құтқарушылар арнайы жабдықталмаған жерлерде от жақпауға, жалынды қараусыз қалдырмауға және сөндірілмеген темекі тұқылын тастамауға шақырады.