×
470.28
537.53
5.99
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
470.28
537.53
5.99

Нұрайдың өліміне қатысты алғашқы сот отырысы өтпей қалды

Бүгін, 11:43
Нұрайдың өліміне қатысты алғашқы сот отырысы өтпей қалды
Ulysmedia коллажы

Нұрай Серікбайды өлтіру ісі бойынша бүгін өтуге тиіс алдын ала тыңдау болған жоқ. Судья Саммидин Темірәлиев отырысты кейінге қалдырды. 

МӘН-ЖАЙ

Бұған сотталушының адвокаты қорғауындағы азаматтың денсаулығы нашар екенін айтуы себеп болған.

Отырыс барысында 28 жастағы Шерхан Аймаханның қорғаушысы істі алқабилердің қатысуынсыз қарауды да сұрады.

Ал марқұмның отбасы атынан қатысып отырған адвокат Аянхан Омаров сот процесінің барынша ашық өткенін талап етіп отыр. Ол БАҚ өкілдерінің қатысуына рұқсат беріп, сот отырыстарын тікелей эфирде көрсетуді сұрады.

Сотталушыға аса қатыгездікпен адам өлтіру, аңду (сталкинг) және некеге тұруға мәжбүрлеу баптары бойынша айып тағылып отыр.

АЛҒАШҚЫ ОТЫРЫС

Алдын ала тыңдау барысында сот істің мәні бойынша қарауға дайын-дaйын емесін анықтайды. Сондай-ақ дәлелдемелерді зерттеу тәртібі және сот процесінің алқабилердің қатысуымен өтетіні-өтпейтіні туралы мәселе шешіледі.

Бұған дейін қылмыстық іс прокуратураға жолданған еді. Алайда Нұрайдың туыстары тергеу барысында елеулі заң бұзушылықтар болғанын мәлімдеді.

Отбасы мен адвокаттардың айтуынша, іс материалдарымен танысқаннан кейін тергеу жұмысына қатысты көп сұрақ туындаған. Олардың сөзінше, кейбір өтініштер қараусыз қалған, ал іс құжаттарынан айтарлықтай кемшіліктер анықталған.

Осыған байланысты жәбірленуші тарап істі қосымша тергеуге қайтаруды талап еткен. Алайда олардың өтінішіне әзірше жауап берілмеген.

ТУЫСТАРЫНЫҢ УАЙЫМЫ

Қазір 28 жастағы күдіктіге үш бап бойынша айып тағылған: аса қатыгездікпен адам өлтіру, сталкинг және некеге тұруға мәжбүрлеу.

Алайда марқұмның отбасы істі сотқа жіберер алдында кейбір айыптар алынып тасталуы мүмкін деп алаңдап отыр. Адвокаттың айтуынша, қылмыстың түпкілікті саралануы сот процесінің әрі қарайғы барысына әсер етеді.

Туыстары сондай-ақ Бас прокуратураға жүгініп, тергеуді ерекше бақылауға алуды және тағылған барлық айыптарды сақтап қалуды сұрады.

Бұған дейін жәбірленуші тарап сот процесін тікелей эфирде өткізуді сұрауы мүмкін екенін жазғанбыз.

КОНТЕКСТ

Қайғылы жағдай 11 қаңтар күні кешке Шымкентте болған. Тергеу мәліметінше, Нұрай Серікбай үйінен дүкенге шыққан. Сол жерде оны танысы күтіп тұрған.

Ер адам қызды күшпен ұстап, оған бірнеше рет пышақ жарақатын салғаннан кейін оқиға орнынан қашып кеткен.