×
469.59
536.22
5.96
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
469.59
536.22
5.96

Жаппай құлаған резиденттер: болашақ дәрігерлер мемлекеттік емтиханды қайта тапсыруды талап етті

Бүгін, 17:40
Жаппай құлаған резиденттер: болашақ дәрігерлер мемлекеттік емтиханды қайта тапсыруды талап етті
Ulysmedia коллажы

Қазақстан бойынша жүзден астам медицина резиденті мемлекеттік емтиханның екінші кезеңінен өте алмай қалды. Болашақ дәрігерлер мұны өз білімінің төмендігімен емес, тест тапсырмаларындағы олқылықтармен байланыстырады. Олардың айтуынша, қазақ тіліндегі сұрақтар түсініксіз аударылған, ал кейбір тапсырмалар таңдаған мамандықтарына мүлде қатысы болмаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Студенттердің айтуынша, мемлекеттік емтиханнан өте алмаған жағдайда олар кемінде жарты жыл дипломсыз қалып, жұмысқа орналаса алмайды.

«Сұрақтар орыс тілінен тікелей аударылғандай болды»

Емтиханды қазақ тілінде тапсырған түлектердің сөзінше, сұрақтардың мазмұны түсініксіз әрі қисынсыз болған. Олар мұның салдарынан қазақ тілінде тест тапсырғандардың басым бөлігі емтиханнан құлағанын айтады.

– Сұрақтардың барлығы негізі басында орыс тілінде құрастырылған секілді. Себебі біз қазақ тілінде тапсырдық. Мағынасы өте сәйкес емес. Кәдімгідей орыс тілінен аудармашыға салып аудара салғандай болды. Құлаған резиденттердің көпшілігі сол қазақ тілінде тапсырған студенттер болды. Орыс тілінде тапсырғандар өтіп кеткен. Себебі оларда сұрақ дұрыс құрастырылған. Логикасы барлығы сәйкес, түсінікті болып тұр, – дейді резидент Нұрсұлтан Тоқтасын.

«Өз мамандығымызға қатысы жоқ сұрақтар келді»

Алматы, Қарағанды, Түркістан, Семей және Батыс Қазақстандағы медицина университеттерінің түлектері де осындай мәселеге тап болғанын айтады. Олардың сөзінше, емтихандағы көп сұрақ өздерінің мамандану бағытына сәйкес келмеген.

– Осы уақытқа дейін өте жақсы оқығанбыз. Бесінші курсын да, жеті жылды да барлығын өте жоғары деңгейде қызыл дипломмен бітіргенбіз, – дейді резидент Әйгерім Еркінбекова.

Ол онкология мамандығы бойынша білім алып жатқанын, алайда емтиханда инфекциялық ауруларға қатысты сұрақтар берілгенін айтты.

– Мен, мысалы, онкология мамандығының резидентімін де. Мен бірінші кезеңнен жоғары балл жинап тұрмын. Екінші кезеңге келген кезімізде… Ол жерде біздің мамандыққа сай емес, инфекцияның сұрақтары жүр ғой, – дейді тағы бір талапкер.

Сонымен қатар радиология бағытын таңдаған студенттерге диагноз қоюға арналған суреттердің сапасы талапқа сай болмағанын жеткізді.

– Радиологтар бар мысалы. Оларға суреттер беру керек. Суретке қатысты диагноз қою керек. Бірақ олар суреттер дұрыс берілмеген. Анық емес түрлері.

Апелляция нәтиже бермеген

Резиденттердің айтуынша, емтихан нәтижесінде нақты қай сұрақтан қателескені көрсетілмеген. Сондықтан олар өз жауаптарын тексеріп, қателіктерін талдай алмаған.

Студенттер апелляцияға жүгінгенімен, мәселе шешілмегенін айтады. Ал Ұлттық тестілеу орталығы бұл мәселеге денсаулық сақтау министрлігі жауапты екенін мәлімдеген. Өйткені емтихан тапсырмаларын әзірлеуді министрлік ұйымдастырған.

Сұрақтар әлеуметтік желіге тарап кеткені айтылды

Болашақ дәрігерлер емтиханға қатысты тағы бір мәселеге назар аударды. Олардың сөзінше, мемлекеттік емтиханның кейбір сұрақтары әлеуметтік желілерде алдын ала жарияланған. Осыдан кейін тест тапсырғандардың шектік 50 балды жинауына мүмкіндік туған. Алайда жоғары нәтиже көрсеткендердің саны аз болғанын айтады.

Министрлік не дейді?

Денсаулық сақтау министрлігі студенттердің айыптауларымен келіспейді.

Ведомствоның баспасөз қызметі емтихан материалдары бірнеше деңгейлі сараптамадан өткенін және қазақ тіліндегі нұсқаларды осы бағытта тәжірибесі бар мамандар аударғанын мәлімдеді.

– Бағалаудың екінші кезеңінің емтихан кейстері бекітілген ерекшеліктер негізінде әзірленді және көп сатылы тестологиялық, әдістемелік және мазмұндық сараптамадан өтті. Сұрақтар мен жауаптардың қазақ тіліндегі нұсқалары туралы дәлелдерге қатысты емтихан материалын қазақ тіліне аударуды осы бағытта жұмыс тәжірибесі бар мамандар жүргізді. Бағалауға ұсынылған барлық клиникалық жағдайлар таңдалған мамандыққа қатысты болды, – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Назерке Еркінбекқызы