×
467.65
533.26
5.96
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
467.65
533.26
5.96

Әлия Назарбаева директорлар кеңесінде болған швейцариялық компания таратылды

Бүгін, 16:22
Әлия Назарбаева директорлар кеңесінде болған швейцариялық компания таратылды
Facebook

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаева 2016-2024 жылдары директорлар кеңесінің құрамында болған Kerfuffle AG компаниясы Швейцарияда ресми түрде таратылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

«Выход к морю» Telegram-арнасының мәліметінше, Kerfuffle AG компаниясы маусым айында Швейцариядағы заңды тұлғалар тізілімінен шығарылған.

Бұл компания Әлия Назарбаеваның шетелдегі бизнесіне қатысты журналистік зерттеулерде бірнеше рет аталған.

2022 жылы швейцариялық Tages-Anzeiger басылымы Әлия Назарбаеваның Цюрих көлінің жағалауында VIP-клиенттерге арналған жеке медициналық клиника салуды жоспарлағаны туралы атышулы зерттеу жариялаған. Аталған материалда Kerfuffle AG компаниясы да сөз болған.

Зерттеу авторларының мәліметінше, жоба аясында тікұшақ алаңы бар «швейцариялық қамал» салу жоспарланған. Онда пациенттерді Цюрих әуежайынан тікұшақпен жеткізу көзделген. Жобаның жалпы құны 350 млн швейцариялық франк болады деп есептелген. «Выход к морю» арнасы осындай дерек келтіреді.

ИРЛАНДИЯДАН РЕСЕЙГЕ ДЕЙІН

Жобаны жүзеге асырумен ауқатты клиенттердің қаржысын басқару саласында маманданған ирландиялық заңгер Томас Джон Галлахер айналысуға тиіс болған.

Галлахер 2009 жылдан бері Kerfuffle AG компаниясының директорлар кеңесін басқарған. Ал Әлия Назарбаева компания басшылығы құрамында болған кезеңде ол президент қызметін атқарған.

Галлахердің өзі жобаны қаржыландыруды Қазақстанның бұрынғы президентінің қызы қамтамасыз ететінін мәлімдеген.

Сондай-ақ Галлахер арқылы Kerfuffle AG инвестициялық қор Effective Capital GmbH және кезінде Андрей Костиннің (ВТБ) командасында жұмыс істеген ресейлік банкир Андрей Серебряковпен байланысқан.

2018 жылдан бастап Қазақстан тарапының бұл ауқымды жобаға қатысуы тоқтатылған. Алайда жоба бойынша жұмыстар тағы екі жыл жалғасқан.

Кейін директорлар кеңесінде Әлия Назарбаева болған бұл компания үлкен даудың ортасында қалған.

ШВЕЙЦАРИЯДАҒЫ ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒА

2021 жылдың мамырында Галлахермен бірге жұмыс істеген әрі жобаны жүзеге асыруға қатысқан 65 жастағы швейцариялық кардиолог дәрігер өз-өзіне қол жұмсаған.

Ол көп қарызын өтеу үшін 5,87 млн франкқа аукцион арқылы сатуды жоспарланған жеке үйін өртеп жіберген.

Дәрігерден қаражат талап еткен кредиторлардың бірі Kerfuffle AG компаниясы болған.

Швейцариялық БАҚ мәліметінше, Kerfuffle AG арқылы шамамен 900 мың швейцариялық франк көлеміндегі қаражат өткен. Бұл қаржылық операцияларды Томас Галлахер бақылаған. Кейін компания дәл осы соманы қаза болған кардиологтан өндіріп алуды талап еткен.

Осы даудан кейін клиника салу жобасы тоқтатылған болуы мүмкін.

Әлия Назарбаева Kerfuffle AG компаниясының директорлар кеңесі құрамында 2024 жылғы 27 қарашаға дейін болған. Сол күні компания ресми түрде қызметін тоқтатқан. Ал 2026 жылғы 8 маусымда Kerfuffle AG түпкілікті таратылып, заңды тұлғалар тізілімінен шығарылған.