Кахраманмарашта із-түссіз жоғалған тағы бір отандасымыз іздестіріліп жатыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Қазақстанның тағы бір азаматы әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кетті деп есептелуде. Ол осы жылдың 6 ақпанынан бері байланысқа шықпады, тұратын жері - Кахраманмараш қаласы. Әпкесі министрліктің «жедел желісіне» хабарласқаннан кейін оны іздеу жұмыстарын бастадық. Қазіргі уақытта Қазақстан Елшілігінің қызметкері осы қалаға барып, түрік құтқарушыларымен бірлесіп оны іздестіруде. Көршілердің айтуынша, үй қираған кезінде оның ішінде болған», - деді Айбек Смадияров.
СІМ ресми өкілінің сөзінше, көптеген қазақстандық тұрғын үйлерінің бұзылуына байланысты құжаттарын жоғалқан. Консулдар оларға қажетті жол жүру құжаттарын сол жерде рәсімдеп берген.
«Кейінгі 4 күнде Газиантеп, Мерсин, Кахраманмараш, Диярбакыр, Шанлыурфа, Адана, Конья және Элязыктан 124 Қазақстан азаматы шығарылды. Оның ішінде 58 Қазақстан азаматы Астанаға репатриациялық рейстермен жеткізілді. Сонымен қатар, Қазақстанның тағы бір азаматы хабар-ошарсыз кетті деп есептегенбіз. Біз оны Хатай провинциясынан таптық, ол екі күн бойы байланысқа шыға алмаған. Қазір аман-сау, қауіпсіз жерде. Тұратын үйі зардап шеккен жоқ», - деді ол.
Айта кетсек, бүгін таңға жақын Түркияда жоғалған қазақстандық Мирболат Құрмашевтің денесі табылды.
Оны құтқару үшін үйіндіні аршу жұмыстары кеше түс ауа басталған болатын.
Сондай-ақ, кеше тағы бір отандасымыз – Әділ Қадірбековтің де жер сілкінісі кезінде үйінді астында қаза тапқаны хабарланған еді. Құтқарушылар отандасымыз Сабина Мамадиярованы ғана аман алып шықты.
Сыртқы істер министрлігі марқұмдардың денесі ертең елге жеткізілетінін мәлімдеді.