Қазақстан Сирияға 160 млн теңгенің гуманитарлық көмегін жібереді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Cыртқы істер министрінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті.
Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Сирия халқына гуманитарлық көмек көрсетеді. Көмек штаб-пәтері Астанада орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының желісі бойынша Ислам ынтымақтастық ұйымы шеңберінде беріледі. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 160 млн-нан аса теңге бөлінді, - деді ол.
Гуманитарлық көмектің бір бөлігі бүгін Сирияға жөнелтілді. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының басшылығы Қазақстанның Ливандағы елшілігі мен Қазақстанның Сириядағы консулдығының көмегімен Алеппо қаласында Сирияның уәкілетті өкілдеріне гуманитарлық жүкті тапсырады.
Жалпы салмағы 50 тонна азық-түлік, жылы киім, шатырлар мен төсек-орындар жабдықтары түріндегі көмек Қазақстанның арнайы ұшақтарымен Сирия Араб Республикасының аумағына жеткізіледі. Бүгін бірінші ұшақ Алматыдан Сирияға ұшып шықты, - деді Смадияров.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ИЫҰ арқылы Сирияға гуманитарлық көмек көрсету туралы тапсырма берген болатын.
Сондай-ақ, президенттің тапсырмасы бойынша Түркияға 1 млн доллар бөлінді.