×
473.4
539.39
6.07
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
473.4
539.39
6.07

Forbes тізіміндегі миллиардерлер Қазақстандағы вольфрам кенін игеруге кірісті

Бүгін, 12:45
Forbes тізіміндегі миллиардерлер Қазақстандағы вольфрам кенін игеруге кірісті
Ulysmedia коллажы

Қазақстандық ірі кәсіпкерлер Эдуард Огай мен Владимир Джуманбаев Ақмола емес, Қарағанды облысындағы Ақмая вольфрам кен орнын игеруге бағытталған жаңа компания құрды. Бұған дейін «Қазақмыс» пен «Алтыналмас» компанияларының ортақ иелері болған кәсіпкерлер АХҚО-да Akmaya Tungsten Group Ltd компаниясын тіркеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

ВОЛЬФРАМҒА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ АРТТЫ

Қаржылық сарапшы Арман Батаев өзінің Finmentor.kz Telegram-арнасында хабарлағандай, жаңа Akmaya Tungsten Group Ltd компаниясының құрылтайшылары қатарында Огай мен Джуманбаевтан бөлек Теміржан Мейрамбеков пен Әлжан Ақмолдаев та бар.

Заңды тұлғаның қызметі пайдалы қазбаларды барлау, игеру және өндірумен байланысты.

Akmaya Tungsten ЖШС компаниясы бұған дейін де жұмыс істеп келген. Ол Қарағанды облысы Шет ауданындағы Ақмая вольфрам кен орнын игерумен айналысады. Бұл аумақ Дональд Трамптың ұлдары барлауды жоспарлап отырған учаскелерге жақын орналасқан.

Болжам бойынша, Огай мен Джуманбаевтың жаңа компаниясы Ақмая кен орнында тау-кен байыту комбинатын салуды жоспарлап отыр.

Кен орны 1936 жылы ашылғанымен, осы уақытқа дейін өндірістік мақсатта игерілмеген. Кеңес дәуіріндегі бағалаулар бойынша, мұнда 10 мың тоннадан астам вольфрам қоры болуы мүмкін.

Жоба жоспарына сәйкес, кен өндіру жұмыстары 2028 жылы басталып, жылына 1 мың тонна ферровольфрам өндіру көзделген. Он жылға есептелген жоба аясында 9,5 млн тоннадан астам кен өңдеу жоспарланып отыр.

ОРТАҚ ЖОБАЛАР

Сарапшылардың пікірінше, кәсіпкерлердің вольфрам саласына қызығушылығы олардың басқа жобалардан шығуымен және ортақ бизнес мүдделерімен байланысты болуы мүмкін.

– Эдуард Огай мен Владимир Джуманбаевты бірнеше бірлескен бизнес-жоба байланыстырады. Олардың қатарында Қаражыра көмір кен орны, Жаңа Жамбыл фосфор зауыты және Kaz Green Energy бар, – дейді Арман Батаев.

ОГАЙ МЕН ДЖУМАНБАЕВТЫҢ БИЗНЕСІ

Эдуард Огай Қазақстанның Forbes рейтингінде 15-орында тұр. Оның байлығы 650 млн долларға бағаланады. Негізгі активтерінің қатарында Kazakhmys Copper, Koksay Holdings Limited, Aidarly Mining және Владимир Джуманбаевпен бірге иелік ететін «Қаражыра» көмір компаниясы бар.

Владимир Джуманбаев Forbes тізімінде 16-орында, байлығы 615 млн доллар деп бағаланады. Ол да тау-кен саласындағы активтерімен танымал.

Кәсіпкер бұған дейін алтын өндіруші «Алтыналмас» компаниясының негізгі акционерлерінің бірі болған. Қазір бұл компания Шахмурат Муталипке өту процесінде. Сонымен қатар Джуманбаевтың «Бенкала» тау-кен компаниясында үлесі және Goldstone Minerals компаниясында бақылаушы пакеті бар.

«Алтыналмас» жаңа иесіне берілмес бұрын, компанияның қазіргі қожайындары одан қомақты көлемде дивиденд алған.