Пәкістанның солтүстігіндегі бақылау-өткізу бекетіне жасалған шабуыл салдарынан кемінде 15 адам қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
AFP агенттігінің мәліметінше, қаза тапқандардың жетеуі – полиция қызметкері, сегізі – қарулы шабуылдаушы. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының тағы 22 қызметкері жарақат алған.
Шабуыл 29 шілде күні Хангу округінде болған. Әзірше шабуыл үшін жауапкершілікті ешбір қарулы топ өз мойнына алған жоқ.
Бұл – өңірде кейінгі күндері болған екінші ірі шабуыл. Өткен жұмада содырлар жарылғыш зат тиелген көлікпен Танк округіндегі бақылау-өткізу бекетіне соғылған. Сол кезде 15 адам қаза тауып, шабуыл жасаған 12 содыр өлтірілген.
КОНТЕКСТ
Хайбер-Пахтунхва провинциясындағы ахуал «Техрик-е Талибан Пәкістан» ұйымының белсенділігіне байланысты әлі де күрделі күйінде қалып отыр.
Исламабад шабуылдардың көбеюін Ауғанстан аумағындағы содырлардың әрекетімен байланыстырады. Алайда Кабул бұл айыптауларды жоққа шығарып келеді.