Мамыр айында «Қазцинк» кәсіпорнында болған жарылыстан кейін Өскемен тұрғындары ұзақ уақыт бойы қандай ауамен тыныстап жүргенін, сыртқа шығудың қауіпсіз не қауіпті екенінен хабарсыз отырды. Қала билігі халыққа дер кезінде ескерту жасамаған. Осыған байланысты жергілікті заңгер Алексей Божков Өскемен әкімі Алмат Ақышовты сотқа берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ІС ТОЛЫҚ СОТ ТАЛҚЫЛАУЫНА ЖЕТКЕН ЖОҚ
Заңгердің талабы біреу ғана: қауіпті өндіріс орындарында апат болған жағдайда билік тұрғындарға не болғанын және қандай әрекет ету керектігін дереу хабарлауға тиіс.
Алайда іс толық сот қарауына жеткен жоқ. Дайындық кезеңінде тараптар өзара келісімге келді. Әкім тұрғындарды хабардар етудің нақты тәртібін әзірлеуге міндеттенсе, Божков талап арызынан бас тартты. Сот бұл келісімді бекітті.
Енді жаңа тәртіпке сәйкес, жергілікті билік апат туралы бірден хабарлап, кейін жаңа мәліметтер пайда болған сайын ақпаратты жаңартып отыруға міндетті. Тұрғындарды барлық қолжетімді байланыс арналары, оның ішінде ресми сайттар мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар ету көзделген.
Өскемен әкімі бұл регламентті 30 шілдеге дейін әзірлеп, бекітуге міндет алды. Сот ұйғарымы әзірше заңды күшіне енген жоқ.
СОТҚА ЖҮГІНУГЕ НЕ СЕБЕП БОЛДЫ?
Еске салайық, төтенше жағдай 5 мамыр күні «Қазцинк» зауытында болды. Кәсіпорында жарылыс болып, өндірістік аймақтың үстіне қалың шаң көтерілді. Оны қаланың әртүрлі ауданынан көрген тұрғындар не болғанын нақты түсінбей, ақпаратты әлеуметтік желілерден іздеуге мәжбүр болды.
Сол сәтте көпшілік үшін негізгі сұрақ – сыртта жүру қауіпсіз бе деген мәселе еді. Осы уақытта балалар мектептер мен балабақшаларға барып, дене шынықтыру сабақтары далада өткен. Кейбір ата-аналар тәуекел етпей, балаларын үйде қалдырған.
Тек екі айға жуық уақыт өткен соң апат кезінде ауаға 2,8 тонна мырыш шаңы таралғаны белгілі болды. Рұқсатсыз шығарынды үшін «Қазцинкке» 60,55 миллион теңге айыппұл салынды.
– Мемлекеттік органдардан ешқандай ақпарат болған жоқ. Біз жарылыс туралы әлеуметтік желілерден білдік. Оқиғаның мән-жайын түске қарай ғана БАҚ чатынан анықтадық. Оған дейін білім бөліміне, экология департаментіне, әкім аппаратына, ішкі саясат бөліміне қайта-қайта хабарласып, тұрғындарға не істеу керектігін сұраумен болдық, – деген еді бұған дейін Ulysmedia.kz сайтына Алексей Божков.
Бұл заңгердің қала әкімдігімен байланысты екінші сот дауы болды. Бұған дейін ол Өскеменде ауадағы хлорсутек концентрациясы шекті мөлшерден асқан кезде тұрғындарға ескерту жасалмағаны үшін де сотқа жүгінген.