Талдықорғанда қаңтар оқиғасы кезінде 23 жәбірленушіні азаптады деген айыппен 5 экс-полицейге қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бүгін 10 ақпанда Жетісу облысының Талдықорған қалалық сотында азаптау фактісі бойынша К., Н., Т., Б. және Ж.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. (ҚР ҚК-нің 146-бабы, 2-бөлігі, 1,2,3,4-тармақтары).
«2022 жылғы 6 қаңтарда полиция қызметкерлері Талдықорған қаласы бойынша полиция басқармасының әкімшілік ғимаратында бола отырып, азаматтық киім киіп, мұндай іс-әрекеттерінің қоғамға қауіптілігін және ықтимал салдарларын түсініп, антты бұза отырып, қылмыстық келісімге келіп, кінәсін мойындау және үшінші тұлғаларға қатысты мәліметтер алу мақсатында бөлімнің әкімшілік ғимаратына шабуыл жасап, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді ұрлады деген күдікке ілінген тұлғаларға қасақана дене және психикалық зардап келтіріп, сол арқылы 23 жәбірленушіге әртүрлі дәрежеде дене жарақатын салған. Прокурор К.-ға 5 жыл, Н. мен Т.-ға 4 жыл, Б. мен Ж.-ға 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады»,- делінген Талдықорған қалалық сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, жәбірленушілер сотталушыларды кешіріп, соттан оларды бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Сотталушылар К., Н., Т., Б. және Ж. кінәларын толық мойындап, шартты түрде жаза тағайындауды сұрады.
Бұл қылмыс үшін заң бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Жеңілдететін мән-жайлар ретінде: кінәларын толық мойындауы, келтірілген зиянды өз еркімен өтеуі, К., Н., Б. және Ж.-ның асырауында кәмелетке толмаған балалардың болуы танылды.
Ауырлататын мән-жайлар ретінде: қылмыстық құқық бұзушылықтың төтенше жағдай кезінде жасалуы және сотталушылардың қабылдаған анттарын бұзуы танылды.
«Сот К., Н., Т., Б. және Ж.-ны кінәлі деп танып, 3 жыл мерзімге құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылдан 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 49-бабының 1-бөлігі негізінде барлық сотталғандар полиция қызметкерлерінің арнаулы атағынан айырылды»,- деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.
Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.